$510.59 €578.91 ₽6.37
×

Өрттен құрбан болатындар саны «үшінші әлем» елдерінде ғана көп... Кемероводағы өрттен кейінгі жаппай тексеру не береді?

AstanaTV
31.03.2018ж. 20:00
3010
Өрттен құрбан болатындар саны «үшінші әлем» елдерінде ғана көп... Кемероводағы өрттен кейінгі жаппай тексеру не береді?

Үй-жайы бар бірде-бір адам, бірде-бір компания, бірде-бір мемлекет өрт шықпайтынына кепіл бере алмайды. Дегенмен кейбіреулер зардап шегушілер санын минимумға жеткізе алады. Бірақ енді біреулер олай істей алмайды. Репаблик басылымының шолушылары соңғы онжылдықта сауда үйлерінде болатын өрттен құрбан болатындар саны «үшінші әлем» елдерінде ғана көп екенін жазды. Мысал ма? 2004жылы Парагвай астанасында супермаркет өртеніп, 400 адам мерт болған, 500 адам зардап шеккен. Себебі супермаркеттегі дүкендердің қожайындары шығатын есіктерді жауып тастаған – өрттен қашқандар сөрелердегі тауарларды ала кетпесін деп... Ал Еуропада сауда үйінде ірі өрт Брюссельде 1967 жылы болған. Жапонияда 1973 жылы. 

Шор тілінде кемер – көмір деген мағынаны беретін Ресейдің Кемерово қаласындағы сауда орталығындағы өртке байланысты үндемей қалмаймыз. Аяқ астынан туған табиғи апат емес, тіпті ақтауға келмесе де айтайық, соғыс болып жатқан жер емес, алаңсыз жүрген 64 адамның, оның 41-і бала, ажал құшуы қорқыныш сезімін ұялатады. Екіншіден, жүйедегі ұқсастықтарға сәйкес, бізде де дәл солай болуы мүмкін./Бетін әрі қылсын./ Технология дамыған заманда өрт дабылы қағылмайтыны, шығатын есік табылмайтыны біріншіден, коррупция шектен шыққан, екіншіден, адам өмірі құнсыз елде. Қажетті техника орнатылмайтыны, қажетті материалдардан үнемделетіні, тиісті персоналдардың болмайтыны, бақылаушы органдардың да құлқынын ақша тескені – бұл жемқорлық схемасы. Ал адам өмірінің құнсыз екені айдан-анық қоғамда қайдағы қауіпсіздік шараларын сақтау? Оның үстіне, біртүрлі естілсе де айтайық, адам өлімі үшін төленетін ақы өте төмен. Батыс әлемінде моральдық келбеті жоқ кәсіпкердің өзі өтемақыдан қорқып, стандарттар мен нормаларды сақтауға жанын салады. АҚШ-та тұратын Тимур Сейтмұратов есімді азамат фэйсбуктегі парақшасында былай жазған: «Америкада құрылыс бүкіл стандарт сақталып салынады. Қауіпсіз. Құрылыс материалдарының сапасына аса мән береді. Дабыл қағатын және өрт сөндіретін қазіргі заманғы өте сезімтал электрон жүйелері. Ғимарат ішіндегі нөпір адамның жүруі бүге-шігесіне дейін есептелген. Әп-сәтте эвакуация болса авариялық шығу жолдары көзге көрініп тұрады, қолайлы».... Ол да нақ құрылыстың жүргізілуі, қауіпсіздік шараларының сақталуы «бармақ басты, көз қыстымен» «реттелетін» мемлекетте сауда орталықтарына бойкот жариялаудың түк бермейтінін айтады...

Отбасынан айырылған Игорь Востриковтың «BBC Russian» ақпарат құралына берген интервьюінен.

«Өмірдің мағынасы қалмады», деп Игорь Востриков еңіремей қайтсін? Үш баласы, әйелі, қарындасынан айырылған оны және жалпы ашуға мініп, Кемеровода алаңға жиналған жұртты «арандатушылар, теріс пиғылдылар» деп айыптаған билік шын мәнінде кінәлі екенін түйсінбейтін сияқты. Олар тек бір-ақ адамның алдында айыпты екендерін жасырмады да. Ресейдің либерал басылымдары «мемлекет кінәсін мойындап, системалық проблемаларды шешуге дайын екендерін көрсетуі керек еді, алайда мысалы, губернатор Төлеев өртке қатысы жоқ орынбасарын жұмыстан шығарып, басыну сияқты әрекет етті», деп жазды. Шенеуніктердің қарапайым адамдарға қаратып «билікті мансұқ етіп», «қан төгіліп жатқанда пиар жасады» деген айыптауларын келтіріп, «әдеттегідей, мәселе өздерінде емес сияқты» қалып танытады», деді. А.Төлеевтің губернатор болғанына 21 жыл. Алдында облыстық советті басқарған. 1991 жылы Ресейдегі бірінші президент сайлауына қатысып, 7 пайыздай дауыс жинаған адам. Сол заманда Кемерово жұрты оны құрметтеген. Сол заманда... Бұл заманда ол, наразылық танытып, митингіге жиналғандарға «бузотер – шатақ іздеушілер» деп отыр...

Біздің билік. «Кемероводағы қайғылы жағдай бізге сабақ болуы тиіс». Сөйдеген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев кісі көп жиналатын жерлердегі өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды. Сонымен бірге 18 мыңнан астам оқу ошағы да тексерілмек. Әйтеуір шенеуніктер «солай істейміз» деп мәлімдеді. Тексерістердің алғашқы қорытындысы бар. Мысалы, Ақтөбеде «Керуен сити» сауда-ойын-сауық орталығында балалар көп баратын жерлерде күзет жоқ, дабыл жоқ, өрт немесе террорлық қауіп төнген жағдайда бір сәтте 500-600 адамды 3-қабаттан түсіруге үлгермейміз», деді облыстық ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес басқармасының бастығы.  Ал Кемероводағы өрт кезінде эвакуациялық шығу жолдары жабық болған, апаттық жарық жанбаған. Өрт сөндірушілер келгенде сауда үйінің не әкімшілігін, не күзетшілерін кездестірмеген. Ришат Асқарбекұлы материал дайындады.

Бес күндік мерекелік демалыстан соң еңбек аптасын бастаған қазақстандықтар Кемерово оқиғасын естігенде, біршама есеңгіреп қалғандай болды. Көршінің ақысы-тәңір ақысы деп, қоңсы отырған елмен бірге қайғырған жұртты көрдік. Елшіліктер мен консулдықтардың босағасына гүл қойып, көңіл айтқандар аз болған жоқ. Ал Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы органдар үшін жаңа міндеттер пайда болды. Анығы – міндеттерін дұрыс орындап отыр ма, жоқ па, сол анықталатын шақ туды. Шұғыл жиналыстардан түрлі деңгейдегі бастықтар «өрт қауіпсіздігін тексеру» деген тапсырманы арқалап шығып жатты. Журналистер де жергілікті төтенше жағдай мекемелерінің есігін қағып, ақпарат талап ете бастады.

Алматы билігі де қаладағы қоғамдық нысандарды тексеруге пәрмен берді. Вокзалдар, мектептер, ауруханалар, бала бақшалар, әрине, ірі сауда- ойын кешендері жоспардан тыс тексеруден өткізілмек. Ереже бұзғандар жазаланады. 

Алматыда:

- 128 сауда ойын-сауық орталығы

- 46 базар

- 170 қонақ үй

- 300 денсаулық сақтау нысаны

- 700 балабақша

- 200 мектеп  қала басшысының тапсырмасымен алдағы айдың соңына дейін тексерілмек. 

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өз дерегі бар. Алматыда былтыр 118  сауда орталығы кестеге сәйкес тексеруден өткен. Талапты сақтамағандар да аз болмапты. Әкімшілік сот 5 нысанды жабуға шешім шығарған.  Бірақ төтеншеліктер олардың  нақты қай мекемелер екенін құпия ұстап отыр.  Жақында кешенді тексерулер жүргізіледі, содан соң білесіздер деп жылы жауып қойды. Қазір тексерушілер әл-Фараби даңғылындағы ірі моллды сүзгіден өткізіп жатқан көрінеді. Айта кету керек, өрт қызметі кәсіпкерлік туралы заңға сәйкес тек шағым болғанда ғана тексеруге шығады.

Родриго Розенбергс, Алматы қаласы ТЖД техникалық реттеу бөлімінің басшысы: 

Ең негізгі заң бұзушылықтардың қатарында өрт сөндіру жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуі, эвакуацияға бағытталған жолдардың қарастырлмауы көп кездеседі. Мысалы, сауда орындарында тексеру кезінде ондай есіктер мен дәліздер ашық болуы мүмкін. Ал инспекторлар кеткен соң, қайтадан жауып тастайтынын біз жасырмаймыз. Сондықтан бұл сол мекеме иелерінің ар-ұятына байланысты.

Бұл сауда орталығы Оралдағы ең ірі кешендердің бірі. Төтеншеліктер бір мезетте 8 мың адамды сыйдыратын мекеменің қауіпсіздігін тексерді.

Кешен өкілдері ғимараттың соңғы үлгідегі дабылқаққыштармен жабдықталғанын, төтенше жағдай бола қалса, қосымша бес есіктің қарастырылғанын айтты. Мұндай қосымша шығаберістер барлық кинозалдарда бар деп көрсетті. Ал дәлізде әрбір 50 метр сайын тұратын қауіпсіздік қызметінің адамдары келушілерге жөн сілтеп, бағыт көрсетеді.

Ерлан Төрегелдиев, БҚО ТЖД өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы: 

Біз анықтаған кемшіліктерді түзетуге тырыспайтын, түрлі сылтау айтатын кәсіпкерлер де бар. Оларға алдымен ескерту беріледі. Берілген мерзім ішінде түзетілмесе, қатаң шара қолданамыз. Тіпті кешеннің жұмысын тоқтатуға да барамыз.

Негізгі эвакуация жолының жабық болуы, ысты сезетін құрылғылардың істемеуі, электр сымдарының тұйықталуына әкелетін қауіптер жиі кездеседі дедік. Ал апат кезінде жарымжан адамдардың жағдайына кім алаңдайды. Ақтөбелік Шахан Жолдасбаев қалада коммерциялық нысандарға арбамен кіріп-шығудың ешқашан шешілмейтініне көзі жеткен. Қанша айтылса да, бұл талап орындалар емес, дейді мүгедек жан. Кемероводағы өрт болған ғимаратта арбаға таңылған 6 адамның болғаны айтылды. Ал Шахан пандус құрылысымен айналысатын фирма ашыпты.

Шахан Жолдасбаев «Пандус-ОК»  ЖШС басшысы: 

Жалпы айтқанда, әзір нашарлау.гос учериждениелер соңғы жылдары жақсы пандустар салып жатыр. Оның ішінде өзіміз де салып жүрміз. Коммерциялық нысандар ішінде көп деп айта алмаймын. Торговый домдар бәрі жақсы деп айта алмаймын. Негізі ондай жағдай болған жерде лифтер, тұрып қалады, эскалатор тұрып қалады. Біз тек қана служба безопасностиға қарап қаламыз. Біздің жанымыздағы сооправаждающийлерге.

Ауқымы жағынан Кемерово оқиғасына теңеспесе де, бірнеше адамның өмірін жалмаған «Алматы тауэрс» оқиғасы есте. Ал өткен аптада сол кездегі жантүршігерлік өртке себепкер болған екі адам түрмеге қамалды. Оларды сот  қарапайым өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін айыпты деп таныды. Өрімдей жастар сыртқа шығатын есік  жабық тұрғандықтан, ысқа тұншығып, өмірлері қиылған еді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші: 

Осыдан бір жарым жыл бұрын дәл осы жерде алапат өрттің орын алғанын ұмытқан жоқпыз. Ол кезде Батут орталығын саламын деген кәсіпкердің кесірінен алты адам ажал құшқан болатын. Дәл қазір бұл жер күрделі жөндеуден өтіп, жеке мекемелерге жалға беріле бастапты.

Бұл қаланың тап ортасында орналасқан «Алматы тауэрс» ғимаратының алтыншы қабаты. Көп салалы кешеннің  өрт болған аумағы қайта түрленген. Ал «егіз ғимарат» деп аталып кеткен кешенде жүздеген компаниялардың кеңсесі бар. Қаржылық ұйымдар, баспасөз құралдары мен дәмханалар жұмыс істеп тұр. Әлгі өртке оранған қабатты күрделі жөндеуден соң, танымал ақпараттық порталдың редакциясы жалға алыпты. Мұнда 85 адам жұмыс істейді. Кеңсені жалға алушылар өрт қауіпсіздігіне аса мән беретіндерін айтады.

-Это наш основной вход, а запасной выход там. У нас устоновлено биометрия, чтобы разблокировать электронный замок, мы поставили авариную кнопку.

Кемерово оқиғасынан кейін әлеуметтік желілерде әртүрлі посттар мен пікірлер әлі де толастар емес. Көпшілікті сауда орталықтарындағы жағдай қалай деген сұрақтар мазалайды. Соның маңызды  дегендерінен үзінді келтіргіміз келді.

Аян Қалмұрат: (Facebook желісіндегі парақшасынан )

Кемероводағы қайғылы оқиғадан соң Қазақстандағы ойын-сауық орталықтарының өрт қауіпсіздігі ережелерін қаншалықты сақтайтынын айтып беретін маман іздеп отырып, ішкі істер министрлігіне қарасты өрт қауіпсіздігі институтының "қызметкерімен" сөйлестік. Оның айтуынша, компаниялар ғимарат соққалы жатқанда өздері пайдаланатын құрылыс материалдарының отқа қаншалықты қауіпті екенін тексеру үшін арнаулы комиссияға жібереді. “Тексеруге көбіне сапалы, қымбат материалдарды жіберетін” компаниялар құрылыс кезінде үнемдеу үшін мүлде басқа сападағы заттарды емін-еркін қолдана алады: себебі, оны ешкім тексермейді - “бәрі құрылыс компаниясына ұятына ғана байланысты” екен.

Айдан Кәрібжанов: (Facebook желісіндегі парақшасынан )

Кеңес өкіметінің құлар алдындағы жылдары ірі-ірі таргедиялар болды. Чернобыль жарылысы, Армениядағы жер сілкініс. Құрылыс кезінде ұрланған цементтің кесірінен бүкіл қала қирап қалды емес пе? Ең қайғылы оқиға сол кезде Башкирия да орын алды. Газ құбырынан шыққан газ сыртқа тарап, сол жерде екі поезд соқтығысқанда, жүздеген адам тірідей жанып кетті. Бұларды табиғи немесе техногендік апат деп атап жүрміз. Ал қазір ше? Қазіргі көп адамның өмірін қиятын оқиғалардың фундементалдық негізі - жемқорлық, моральдық тоқырау, ...биліктің көп жылдар ауыспай отырып алуы.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Кешелі бері енді өзіме ұнаған жағдай баспаөз беттерінде осы қауіптен сақтануға қатысты ақпараттар көбейді, өрттен қалай сақтану керек, ірі кешенде жүрсеңіз қалай қорғану керек, бірінші кезекте жасайтын қадамдар деген ақпараттар көбейді. Ол ақпаратқа халық жайбарақат күндері назар аудармас еді. Бәлкім осы жағдай адамдардың оң-солына қарап жүруге, көзінің ашылуына әсер етіп қалар.

Сауда - ойын-сауық кешендеріндегі жағдайды назарынан тыс қалдырмай, оны әлеуметтік желіде кеңінен талқылайтындардың бірі Джохар Өтебеков. Белгілі адвокат ақпан айында елдегі ірі сауда кешенінің қосалқы есіктеріндегі саңылаулар көбікпен бекітілгенін жазған. Ресейдегі оқиғадан соң, ол өзінің сол экспериментін жалғастырыпты. Бірнеше сауда орталығын аралып шыққан соң түйген ойын көпшілікке жария етті. Оның жазбасынан кейін әлгі ірі кәсіпкерлер халық көп жиналатын сауда кешендерінде оқу-жаттығу өткізіп, ел алдында есеп бергендей болды.

Джохар Утебеков, адвокат:

Сауда орталығының кіші, орта немесе ірі кәсіпкерлік субъектісіне жататынына ешкімнің шатағы болмауы керек. Тексеру органдары оған бірдей көзқараспен қарап, тиісті баға беруі тиіс.  Өкінішке орай біздің елде заңнаманың өзін айналып өтіп,  белгілі бір нысанның иесінің мәртебесіне бағыныштылық қалыптасқан. Егер ол жер адам көп жиналатын орын болса, солардың қауіпсіздігіне орай әрекеттер жасалуы керек емес пе?!

Кемероводағы оқиғадан алатын сабақ қандай?! Бұл шын мәнінде риторикалық сауал. Себебі басты мәселе ірі сауда, ойын-сауық кешендері, басқа да адам көп жиналатын орындар қауіпсіздік шараларын сақтап отыр ма, жоқ па деп тексеруде емес. Бастысы, барынша қауіпсіз екеніне сенетін қоғам қалыптастыруда. Алайда «бармақ басты көз қысты» қалып ондай сенімді «өртеп» жіберген... 

Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».