Президенттің 5 әлеуметтік бастамасында студенттердің жатақхана мәселесі айтылғаны мәлім. Ал ең «қызығы», жыл басында Білім және ғылым министрі: «енді елімізде студенттер үшін жатақхана, кітапхана немесе асхана салуға бюджеттен қаражат қарастырылмайды. Мұндай шаруаларды жоғарғы оқу орындары өздері шешуі тиіс. Себебі білім ордаларына коммерциялық емес акционерлік қоғам статусы беріліп, өздері қаражат табуына мүмкіндік берілді», деген еді. Ал шын мәнінде мысалы, Алматыдағы 134 мың студенттің тек 30 мыңы уақытша баспанамен қамтамасыз етілген. Қаңтарда жасалған сюжеттен үзінді:
Гүлзада, студент: / 23.01.2018 ж. Алматы
Сөйтіп біз алты қыз қазір бөлініп кетіп, квартира жалдап тұрып жатырмыз. Осы жылы бітіріп келген түлектерге жатақханадан орын беріледі еді. Ал бізге Алматыда бір жыл жүрдіңдер, қаланы білесіңдер, енді ары қарай өздерің күн көріңдер, пәтер жалдап тұрасыңдар ма, әлде туыстырыңа барасыңдар ма, ол жағын өздерің шешесіңдер деп ректорат айтты.
Осы аптада біздің тілшілеріміз жазған бір студент болса: «күндізгі 3-тен түнгі 12-ге дейін жұмыс істеймін, ал таңертең 8-гі лекцияға бару керек, шынымды айтсам, үлгерімім орташа», деді. Білім сапасына да әсер ететін сол баяғы жатақхана «жырын» Айзада Төребекқызы «төгеді».
-Жұмыс істеген соң түнгі 12-де шығып, одан азанғы 8-де сабаққа барып, үште жұмысқа барып, бәріне уақыт жетпейді үлгеруге. Оқу үлгерімім орташа...
Өзін «Айбек» деп таныстырған қарағандылық бұл жігіт бет-жүзін көрсетпеуімізді өтінді. Ол Шымкенттегі колледждердің бірінде оқиды. Болашақ-заңгер. Айтуынша, екі жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Оқу орнының жатақханасында орын жоқ. Сондықтан 17 жастағы студент дәмханада даяшы болып жұмыс істейді.
Айбек, колледж студенті:
Сабақты оқып үлгермеймін да. Шаршап тұрасың. Сөйтіп азанда тұрып, азанда сабаққа бара жатқан жолда сабағымды жасап барам. Егер бізде жатақхана болса мұндай қиын жұмыс жасамай, тек қана бүкіл күшімді оқуыма салып, оқуымды ғана жасайтын едім. Оқуым түгел 5 болатын еді. –Қазір қанша? – Қазір бағам орташа, 3 пен 4.
–Пәтерге қанша төлейсің?
– Пәтерге айына 20 мың теңге төлеймін. Ол 20 мың теңгені квартирама төлегенше ата-анамды қиналдырмай, өзім сол ақшаға оқуымды төлеп отырсам жақсы болатын еді.
Айбекке қарағанда Ақторғын Елеусіздің жағдайы тәуірлеу. Ол туысының үйінде тұрады. Фельдшер мамандығы бойынша білім алып жүрген қыз отбасындағы бес баланың үлкені екен. Бірақ оған да жатақханадан орын бұйырмаған.
Ақторғын Елеусіз, колледж студенті:
Мен пәтерде де тұрып көрдім. Ол жерде өте қиын. Айына 25 мың төлейміз. Онсыз да ақылы бөлімде оқимын. Ата-анама салмақ түседі де, сол үшін жатақхана болса деп тілеймін.
Шымкентте ұзын саны 94 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Соның 36-сы - мемлекеттік. Білім басқармасына қарайды. Оның отызы жатақханамен қамтылған. Бірақ халқының саны 3 миллионға жуықтайтын Оңтүстік өңірінде студент те көп. Орын тапшылығының бір себебі сол. Оның үстіне жатақхана бәрінде бар деп айта алмаймыз. Барының өзінде орын санаулы. Кейбірін күрделі жөндеу қажет. Соның бірі Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің № 6 жатақханасы. Талай маманның қызыққа толы студенттік шағына куә болған мекен бұл. Мұнда бүгінде үш жүзден астам жас тұрады.
Айзада Төребекқызы, тілші:
1965 жылы пайдалануға берілген ғимарат осы уақыт аралығында бір де бір рет күрделі жөндеу көрмепті. Тарихы жарты ғасырдан асқан жатақхана тек содан бері жыл сайын оқу орнының өз күшімен әктеп, сырлауымен жарап тұр. Көріп тұрғанымыздай ғимараттың қабырғаларында мынадай тіреулер қойылыпты, бұл - сейсмокүшейту екен. Өйткені ғимараттың қабырғасында осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын сызат пайда болған.
Дәурен Тағыбаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ қаржы-шаруашылық қызметі және жалпы мәселелер жөніндегі проректоры:
Мынаның өзі білесіздер темір плитка, одан кейін барып шайбы, болт арқылы бекітілген. Бұл тек қана ішінде емес, сыртында да бар. Стенаның сыртынан қарасаңыз да көрініп тұр осындай, ол жақта да сейсмокүшейту тақтайшалары орнатылған. Ол көріп тұрсыздар, әр 50 см сайын болтпен тартылған.
Аталған оқу орнының еншісінде алты жатақхана бар. Соның бірі су жаңа, тағы бірі жуырда күрделі жөндеуден өткізілген. Ал біз бас сұққан № 6 жатақхана әзірге сылап-сипаумен шектеліп тұрған төрт жатақхананың қатарында. Университеттің жауаптылары әзірше ескі жамап есі кетіп жатқандарын жасырмайды.
Әбіләкім Нұрсұлтанов, № 6 жатақхана меңгерушісі:
Мына терезелерді ашсақ қайтадан жабылмайды. Әйтеуір бірнәрсе ғып жабамыз. Қыстың күні жылуды сақтауы да қиын болады. Осы терезелерді ауыстырып, пластик терезелер қойып берсе қазіргі заманға сай, бәрі жақсы болар еді.
Дәурен Тағыбаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ қаржы-шаруашылық қызметі және жалпы мәселелер жөніндегі проректоры:
Құрылыс ережелері бойынша, снип бойынша 25-30 жылда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек әр ғимаратқа. Бұл енді көріп тұрғандарыңыздай елу жылдан асып кетті, сондықтан күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы жатақхананың өзіне қазір 257 млн-дай сметалық құжат дайындалған. Сондықтан егер мүмкіндік болып жатса, республикалық бюджеттен осыны қаражат бөліп, осыны жөндеп жіберсек деген ойымыз бар.
Десек те Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегілер студенттерінің жатын орынмен 100 пайыз қамтылғанын айтты.
Гүлбану Хадебаева Өзбекстаннан келген. Ол қазір дайындық курсында оқып жүр. Көрші елде колледжді тәмамдаған бойжеткен сәтін салса жоғары оқу орнына түсуден үмітті.
Гүлбану Хадебаева:
Бұл жерде өзіміздің жақындарымыз бар. Бірақ олардың үйі, жасайтын жері менің оқуыма алыстау болды. Біраз қиналдым. Сол себепті жатақхананы таңдадым. Себебі бұл № 6-жатақханамыз оқуымызға өте жақын. Жол ақысы кетпейді...
Балжан Жұмабай, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті:
Бізге жатақханада жату ыңғайлы. Өйткені төлемақы арзан. Былайша квартирада жатқанға бізге қымбат болып есептеледі. Осы жер ыңғайлы. Қолжетімді, бағалары жақсы.
-Қанша бағасы?
-28 мың теңге жылына төлейміз. Душы бар. Аптасына үш рет. Постельді ауыстырып тұрады аптасына, он күнде бір рет ауыстырады өздері, жақсы олары. Тамақ дайындауға плитаны қосып қояды, түскі бірден үшке дейін бір қосады. Сосын бестен түнгі 11-ге дейін қосады, тамақ істеуге ыңғайлы.
Оңтүстік Қазақстан облысында 12 ЖОО бар. Онда 78 157 студент оқиды. Күндізгі бөлімде оқитын студент саны - 45 370. Соның небәрі 7205-і жатақханада тұрады. Облыста 26 жатақхана бар. Оның 17-сі мемлекеттік, 9-ы жекеменшікке тиесілі. ЖОО ұсынған жатақханаға қажетті орындар саны -1 107, ал студенттердің сұранысы бойынша нақты қажетті орындар -18 165.
Облыстық «Жастар» ресурстық орталығы басшысының мәліметінше, аймақта жатақхана негізінен жекеменшік оқу орындарында тапшы. Барының өзінің ақысы 40 мыңнан басталып, 80-100 мың теңгеге дейін барады екен. Мұны қарапайым студент қайдан төлесін?
Береке Дүйсебеков, ОҚО Жастар ресурстық орталығының басшысы:
Егер де, орын болған жағдайдың өзінде ол жердегі жағдайлар толыққанды жасалмаған және де олардың ремонты, жәй-күйі бүгінгі сапасы сын көтермейді.
Студенттердің көңілі толмайтыны да сол. Жуыну, ас әзірлеу, компьютермен жұмыс істеу уақыттарының тым шектеулі болуы.
Нұрбол Болатұлы, студент:
-Үй жалдап тұрамын.
-Ал неге жатақханада тұрмадыңыз?
-Жатақханада су, ыстық суы жаман дейді көбісі. Балалардың бәрі жалоб тастайды. Сол, барғым келмейді өзім.
Сайраш Ибраева, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенті:
Жатақхананы таңдау себебім ең бірінші ол менің - сабағым. Біз бұл жерге оқу үшін келдік. Сабақ үлгерімі жақсы болады. Жатақханада араласып балалармен және де өзіміздің университетке жақын орналасқан және тәртіп болады жатақханада.
Дияр Мыңбай, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚҰМУ студенті:
Жылына 36 мың теңге төлейміз, сонымен қазір жатақханада тұрып жатырмын. Өте жақсы жағдай. Жатақхана жылы. Бәрі жақсы. –Қандай жағдай бар? -Газ тегін, су тегін. Соның бәрі жасалған. Бізде 80 пайыздайы жатақханада тұрады көбісі. Негізі квартирада тұру сәл қымбаттау болады да. Қазір жатақхана арзан. Студентке ыңғайлы.
Жоғары білім іздеп, арман қуатындар жастардың көбіне тұрақтайтын шаһары Астана, Алматы мен Қарағанды екені белгілі. Кеншілер қаласында жиырмаға тарта жоғары және орта арнаулы оқу орыны бар. Онда 50 мыңдай жас білім алып жүр. Солардың 60 пайызы жатақханамен қамтылған. Жатақханаға тұрақтағандардың дені төменгі курста оқитындар. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің проректоры оның себебін жасырмады.
Назым Алпысбаева, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің әлеуметтік сұрақтар бойынша проректоры:
Бізде дәл бүгін отыз орын бос. Мұнда 1-курсқа түскендер жатады, көбіне. Ал 2-3-4 курстарғылар қосымша табыс таба бастайды. Сондықтан жағдайы келгендіктен пәтер жалдап, өздеріне қолайлы жағдайда тұруға тырысады немесе туыстарыныкіне тұруға кететіндері бар. Сол себепті біздің КарМТУ-да орын тапшылық мәселесі жоқ. Бір айта кетерлігі Елбасы тапсырмасына сәйкес, келесі жылы техникалық мамандықтарға көп грант бөлінеді. Кемінде 1 мың орынға қосымша сұраныс туындайтынын ескеріп, жатақхана салуды жоспарлап отырмыз.
Ал Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 3-курсында оқитын Самат Шәкбай пәтерде қала бергенді қолай көреді. Айтуынша денсаулық жағдайына байланысты екі жыл бұрын жеке шығуына тура келіпті. Қазір курстас 5 жігіт бірге тұрады.
Самат Шәкбай, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚҰМУ студенті :
Жатақханадабіз 36 мың төледік бір жылға. Қазір біз мұнда квартираға 120 мың төлейміз айына. Бес бала болып тұрамыз. Сол... – Жатақханада орын жоқ па? – Мен жатақханаға өзім өтініш бермедім, егер өтініш берсем алар ма едім, мүмкін. Бірақ мен өзім айтып тұрмын ғой, квартира маған жайлы болған себептен мен квартирада тұрып жатырмын. Негізі жатақхана да ала алмай, қиналып жүрген студенттер бар.
Жатақханадан бас тартушылардан гөрі оған қолы жетпей жүргендер шын мәнінде көп. Амалсыздан туған- туыс, алыс та болса жамағайынын жағалайды.
Дәурен, Қазақ-Ресей медициналық университетінің 1-курс студенті:
Негізі жатақхана дұрыс деп ойлаймын өзім. Ата –анам да көмектеседі. Бірақ оларға көп қиыншылық салғым келмейді. Сосын өзім де сабақтан бос уақыттарда жұмыс істеймін. Офециант болып, промоутер... әрқалай, қалай ыңғайы келеді. – Сабағыңа әсер етпейді ме? –Бос уақытта ғой. Сабақтан тыс уақытта.
Материал әзірлеу барысында тіпті қейбір студенттер күнкөрістің қамымен сабаққа бармай да қалатын жасырмады, тек камерадан тыс. Өйткені оқудан шығып қаламын ба деп қорқады. Сайып келгенде мұның бәрі жастардың біліміне әсер ететіні түсінікті де... Деңгейі орташа маман қайдан шығады?!
Береке Дүйсебеков, ОҚО Жастар ресурстық орталығының басшысы:
Бұл студенттердің білім сапасына кері әсерін кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Себебі түнде жұмыс істеп, күндіз баланың толыққанды білім алып, оқуына әрине бұл мүмкін емес нәрсе болғандықтан бұл да білім сапасына кедергі береді. Сондықтан мен ойлаймын, ол жерде барлығын егер де толыққанды жағдай жасап, жатақханаға кіргізетін болсақ, жастар ешнәрсеге алаңдамай, сол жердің тәртібімен, сол жердің талабымен сабағын оқып, білім сапасын арттыратын болса, біз сапалы мамандарды дайындауға мүмкіндік болады.
«Үйі жоқтың – күйі жоқ». Жатақхана көп студент үшін арман болып тұр. Президент тапсырған 75 мың орындық жатақханалар салынғанша Айбек секілді мыңдаған жас қайтсем пәтерақымды табамын деп түнгі 12-ге дейін жұмыс істей беретіні ақиқат.
Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».