«Жаннан қымбат оларға ар, мен жастарға сенемін». Мағжан ақынның жалынды өлеңін біздің уақытта да айтпасақ болмайды – үміт болуы керек. Үміт бар. «Нұр Отанның» жастар қанаты «Жас Отанның» 4-съезі туралы Айгүл Әдепбай.
"Елім - тірегім, Жерім - жүрегім" деп ұрандатқан жасотандықтар. Қоғамның күрмеулі мәселелерін шешуге ат салысып жатыр. Президент жариялаған 5 бастаманы жүзеге асыру үшін ұсыныстарын енгізді. Ал Нұрсұлтан Назарбаев съезд қатысушыларына құттықтау сөзін жолдады. Оны Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Сендер еліміздің ертеңі ғана емес, мен айқындаған мақсаттарды жүзеге асыратын буынсыңдар. Мен сендерді белсенді түрде жан-жақты дамуға, спортпен, өнермен айналысуға, шет тілдерін үйренуге, әлемнің ең озық мамандарымен иық тірестіріп, қатар тұра алатындай деңгейге көтерілуге шақырамын.
«Жас Отан кітапхана». Партиялық жастардың жаңа бастамасы аясында барлық кітап электронды форматқа көшіріліп, қолжетімді бола түседі. Жастар қанаты бүкіл кітапхананы заманға сай орталықтарға айналдыруды ұсынды. Ал осыдан 4 жыл бұрын мал басын көбейтуді қолға алған Адамбек Баймырза жастарды кәсіпкерлікті дамытуға шақырды.
Адамбек Баймырза, жеке кәсіпкер:
Қазіргі таңда сол нар тәуекелдің арқасында жылқының басы 200-ге жетіп, 6 адамды жұмыспен қамтып, ет және сүт өндіру саласын дамытып келемін. Осы мінбені пайдаланып, қазіргі жастарға айтарым, жастар, ата кәсіппен айналысайық. Өз кәсібімізді өрлетіп, жұмыс орындарын ашайық. Бұл біздің жұмыссыздықпен күрестегі басты үлесіміз болсын.
Ал паралимпиада жүлдегері Серік Есматов жүк поезының астына түсіп қалған. Екі аяғынан айырылса да, өмірден түңілмеді. Қайта өзі жастарға жігер беретін тренингтер өткізіп жүр. Көшбасшы болу үшін жасандылық керек емес, еліңе пайдаң тисе болғаны, -дейді ол.
Серік Есматов, паралимпиада жүлдегері:
Біздің қоғамға біріге түсу керек. Мейірімділік, бір-біріне қол ұшын беру аздау. Мен өз әрекетіммен жастарға үлгі болып бірігу керектігін айтамын, көрсетемін. "НұрОтанның" да бағыты осы – барлығымызды бір шаңырақтың астына біріктіру. Мен аяқсыз қалсам да, қатарымнан қалған жоқпын.
"Жасотандықтар ел құндылықтарын сақтап, әлеуеті мықты мемлекеттіліктің жолында негізгі күштің бірі болу керек". Партия төрағасының бірінші орынбасары осылай деді.
Мәулен Әшімбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Бүгінгі жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық болмысымызды және ұлттық қодты сақтауда елдігіміздің іргесін нығайтып, еңсемізді тіктеуде жастардың соның ішінде жасотандықтардың алар орны ерекше. Осы жолда ел жастары ортақ мүддеге ұйысу керек. Ал оның негізгі үйлестірушісі болып «ЖасОтан» жастар қанатының мойнына жүктеліп отыр.
Съезд алғаш рет VR форматында онлайн көрсетілді. Оған елдегі барлық жасотандықтар қосылды. Мәселен, Қызылорда өңірінің жас теміржолшылары съезге виртуалды форматта қатысты. Сонымен қатар өскемендік мектеп оқушылары да "Жас Отанның" жиынын онлайн тамашалады. Жалпы жастардың қоғамды, болашақты өзгертеміз деген сенімдері мол.
Ерлік Шамғалиев, «Жас Отан» жастар қанатының 4-съезіне БҚО-нан делегат:
Үлкен өзгерістерді, «Жас отандықтар» көтерген жаңа идеялар арқылы жаңаша нәтижелер күтеміз. Сол арқылы елімізді жаңаша көзқарас арқылы жастардың позитивті ойын өзгертеміз деген сенімдеміз.
Съезд соңында жасотандықтар еліміздің жаңғыру үдерістеріне қатысты стратегиялық міндеттер көрсетілген арнайы құжат қабылдады. Ал съезден ерекше шабыттанғандар, өлең арнап жатты.
Самат Тоқпанов,«Жас Отан» жастар қанатының 4-съезіне Жамбыл облысынан делегат:
Көңілдей пәк, көгілдір һәм аспаны,
Болашақтың мөлдір тұнық бастауы.
Жаңа әлемге жол бастаған қашанда,
Жасай берсін «Жас Отанның» жастары.
Айгүл Әдепбай, Тимур Еркетаев «Астана» телеарнасы.