$510.59 €578.91 ₽6.37
×

Миллиардтаған теңге бөлінетіні, бөлінеді. Бірақ науқастарға жетпейді...

AstanaTV
31.03.2018ж. 20:00
2559
Миллиардтаған теңге бөлінетіні, бөлінеді. Бірақ науқастарға жетпейді...

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев тегін жеткізілуі керек дәрі-дәрмекке байланысты «жүйке жұқаратын» мәселе барын мойындады. Облыста онкологиялық, қант диабеті, эпилепсия және басқа да ауыр науқасқа шалдыққандарға берілетін өмірлік маңызды препараттар тапшы болғанына төртінші ай. Соңғы инцидент – қант диабетімен ауыратын балаларына инсулин таппай отырған жұрттың наразылығынан соң «инсулин жеткізілді» деп баспасөз мәслихатын өткізді, дегенмен дәрі-дәрмекке байланысты ахуалдың алаңдатарлық екенін ашық айтты. «Жағдай ауыр ғана емес, алаңдатарлық, шыны керек, күнде таңертең қай препарат жеткізілді, қайсысы жоқ, ол қашан келеді?» деп абыржып отырамыз», деді ол. Дәрі жеткізудің ШИКІ екенін меңзеп... «СК Фармация» болса «бәрін қамтамасыз етіп» отырғандарын мәлімдейді. Ал Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы шын мәнінде жағдайдың бүкіл республика бойынша күрделі екенін айтып отыр. Расында, Шығыс Қазақстан облысындағы амбулаторияда жатқан онкологиялық аурулардың қажетті дәріге қолдары жетпей отырғандарына 3 айдай болғаны анықталды. Санаулы күндері қалған жандар соңғы сәттерін адам төзгісіз азапта өткізуі керек пе? Ауыр науқастарды дәрімен тегін қаматамсыз етуге мемлекеттен миллиардтаған қаражат бөлінеді. Бірақ бізде соны уақытында жеткізіп, қамтамасыз ете алмайды... Еркін Кариннің материалы.

 -ну вот видите, повышена...

Бес жасар Әлиханды анасы күнде осылай тексереді. Өйткені кішкентай денедегі қант мөлшері сәт сайын құбылады. Ағзаға қант көбейсе де ауыр, күрт азайып кетсе де қиын.

Гузаль Мұхамедқалиева, Орал қаласының тұрғыны:

Дәрі жоқ дегенге кім сенеді? Күллі Қазақстан халқының саны Мәскеу тұрғындарымен бірдей. Осындай үлкен қаланың бір бөлігіне дәрі тауып бере алмау деген сұмдық қой. Ауру баланың күтіміне берілер 29 мың теңге дәрісіне де жетпейді.

Ахметтің де төрт жасар қызы екі жылдан бері қант диабетімен ауырады. Дәрігерге жақын жерде отыру үшін ауылдағы үйін сатып, Оралға көшкен. Бірақ қалаға келгенде қажет дәріні таппай, қиналамыз деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген.

Ахмет Хатин, Орал қаласының тұрғыны:

Доғдырларға барам, нервімді шашам. Айқайласасың отырып алып, неге берілмейді, сол кезде доғдыр да айқайлайды, жылайды: біз қайдан білейік? Бізге берілмейді ғой. Біз не істейміз оған дейді? Болнеске жатамыз-ау, өздері укол шығарып ексе бір жөн больницада. Біздің аппаратымыздан шығарып егілетін нәрсе ғой.

Оралда қант диабетімен ауыратын 75 бүлдіршін бар. Емін уақытылы алмаған баланың халі нашарлап, комаға түсуі мүмкін. Сондықтан дәріден тарыққандар қажет препаратты басқа жақтан алдыруға мәжбүр.

Еркін Карин, тілші:

Қан құрамын анықтайтын тест жолақша соңғы рет қаңтар айында беріліпті. Амалы таусылған ата-аналар бұған балама құралды өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр. Мысалы, мына екі қорапша бір айға ғана жетеді. Бағасы 56 мың теңге. Бірақ бұл Қазақстан түгілі, Ресейде де жоқ. Ашынған аналар қазір мұны Еуропадан алдырып жатыр. Әрине мұндай мүмкіндік екінің бірінде жоғы анық.

Жүйкесі тозған ата-аналар облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып, шу шығарғаннан кейін ғана сең қозғалды. Айлар бойы зарықтырған инсулин бір күнде табыла кетіп, өңірге 34 млн теңгенің дәрісі жеткізілгені мәлім болды. Жауапты сала өкілдері мұны сатып алу процедураларының сатыларымен байланыстырады.

Қанат Төсекбаев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Бір дәріні жеткізіп, бір дәріні беру үшін оған дәрінің өзі сатылып алынады, дәрінің сертификациясы жүргізіледі, дәрі жеткізу үшін қосымша тендер ойнатылады логистикалық жұмыстарға және қосымша тағы да дәріні аптекадан таратып, регистрациясын беру үшін тағы да қосымша тендер өткізіліп отырады. Бұл қазір жаңадан реформа өтіп жатыр және де жаңадан өтіп жатқанының арқасында сұрақтар туындады.

Апта ішінде Оралға Астанадан комиссия жетті. Мақсаты – дәрі тапшылығының себебін һәм кінәлілерді анықтау. Бірақ кінәлі әдеттегідей, табылмады. Өйткені науқастарды тегін дәрімен қамтуды бір орталықтан басқару оңай емес екен.

Людмила Бюрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы:

Мәліметтер базасында науқасқа дәрі берілді деп көрсетілген. Бірақ іс жүзінде ол дәрі алмаған. Сондықтан тек Орал емес, басқа да облыстарды жоспарлы түрде аралап, қайта тексереміз. Егер осындай жағдай болса, тұрғындар денсаулық сақтау басқармасына арыздана алады. Біз осы шағымдарды негізге аламыз. Оралда сырқаттардың дәрімен қамтылуы 86 пайыз ғана.

Енді дәрі-дәрмекті сатып алу бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» арқылы жүргізіледі. Медицина саласының шенеуніктері "аймақтарға дәрінің уақтылы жетуін қатаң бақылаймыз" деп, өңірлерде мониторингтік топтар құрылғанын айтады. Дегенмен қатерлі ісікке шалдыққан науқастар мен ревматоидті артритпен сырқаттанғандар, эпилепсиямен ауыратындар, дене мүшесі ауыстырылған оралдықтар әлі дәріден тарығып отыр. Бұрынғы дәрісі басқа препаратпен алмастырылғанын енді білгендер де ренішін жасыра алар емес.

Бұл жағдай Қазақстанның барлық аймақтарына тән. Әсіресе Алматы мен Астана және Шығыс Қазақстандағы жағдай мәз емес. Өскемендік Нина Самойлова өмірінің көп қалмағанын біледі. Ал қатерлі дертке шалдыққан сырқаттың соңғы азабын жеңілдететін морфинді ақшаға таппай отыр. Ұзаққа созылған тендердің кесірінен Шығыста 150 мың науқас дәрісіз қалыпты.

Нина Самойлова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Ауру жаныма батқанда күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Осынша қинайтындай, тіпті дәріні ақшаңа сатып ала алмай, сорлайтындай біз не жазып едік?

Министрлік өкілдері "жағдай біртіндеп реттеледі, алдағы жылдан бастап, бәрі тап-тұйнақтай болады",- деп қояды. Бірақ дәрі жеткізу ісінде кідірістердің болмайтынына ешбірі кепілдік бере алмады. Яғни ауыр науқастардың тіпті өз ақшасына дәрі сатып ала алмай, әбден азапқа түсіп өлуі мүмкін деген сөз. Ал қант диабетіне шалдыққан баласы бар ата-аналар не істейді? Жылайды, сұрайды, болмағасын айғайлап, ақпарат құралдарына шағымданады. Сөйтіп "шиқылдаған арба" бір майланады да, әрі қарай айнала береді...

Еркін Карин, Ирина Якунина, Наурыз Халит «Біздің Уақыт».