Наурыз мерекесі елімізде 1988 жылдан қайта тойлана бастады. Биыл 30 жыл толды. Осыған орай материал жиыстырып отырып мынадай жазбаға көзіміз түсті. Қайраткер ақын Мұхтар Шахановтың естелігінен: «...1988 жылы мен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Колбинге хат жазып, Наурыз мерекесін қайта тірілтуді сұрадым».
Содан ақынның хаты Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бюросында қаралған. Бірақ бюрода Наурыз мейрамын қайта тойлау ұсынысын екі-ақ адам қолдаған. Оның бірі — Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков. Қалған бюро мүшелерінің барлығы қарсы шыққан.
Тағы да естеліктен: "Содан Колбин мені шақырып алып, «Науызды тойлай алмайтын болдық» деп айтты. Сол кезде мен Колбинге: "Наурыз мерекесі төңірегінде өте үлкен мәселелер бар. Наурыз мейрамын бүкіл түркі тілдес халықтар үш мың жылдан бері тойлап келе жатыр. Наурыз біз үшін жаңа жыл болып есептеледі. Жұрттың барлығы көшеге шығып, ағаш отырғызуы керек. Содан кейін өкпе-реніші болса кешіріп, кінәлі адамдар кешірім сұрауы қажет. Жалпы, бұл мейрам адамды жаңа биікке көтереді, тазалыққа баулиды. Желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардың барлығын маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар деп атадыңыздар. Компартия орталық комитетінің саяси бюросы бүкіл қазақ халқын қаралады. Ерте ме, кеш пе шындық орнына келеді. Сізге де бүкіл халық жылан көргендей жиырыла қарайды. Егер сіз Наурыз мерекесін тірілтіп берсеңіз, бүкіл қазақ сізге басқаша көзбен қарайтын болады деп едім, Колбиннің көзі жайнап кетті. «Ендеше мен Горбачевті қалай болғанда да көндіремін, Наурыз мерекесін тойлайық" деді"...
Сөйтіп, 1988 жылы қазақтың өшкені жанып, Наурыз мейрамы тұңғыш рет Алматының Максим Горький атындағы орталық саябағында кең ауқымда тойланады. Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жүз мыңнан астам халық жиналған.
Ал тағы бір қайраткер ғалым Мырзатай Жолдасбеков отыз жыл бұрынғы маңызды шешімді былай еске алған:
«Партияның заманында Өзбекәлі Жәнібеков екеуміз ақылдасып, заманы келді ғой, халықтың дәстүрлерін жаңғыртайық, Наурызды қайтадан тойлап, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қалыптастырайық деген пәтуаға келдік. Сөйтіп, сең қозғала бастаған заманды пайдаланып, Наурызды мейрам ретінде қайта белгіледік»...
Не болғанда да мәні де, мағынасы да терең, сәні де салтанаты да келіскен мейраммен қайта қауышқан сол жылдардағы көріністерді тамашалаңыздар! Архив видеода Алматы мен Алматы облысы Нарынқол ауданынындағы Наурыз
тойлары.