ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Astana TV.
«Біздің алдымызға қойған нақты мақсатымыз – жоғары технологиялық медициналық көмектің кез келген түрін еліміздің ішінде қолжетімді ету. Бүгінде клиникаларымызда «Гамма-пышақ» және протондық терапия әдістері қолданылып келеді. Сондай-ақ гибридті операциялық кешен іске қосылды. Оның көмегімен ми ісіктері мен қан тамырлары патологиялары кезінде күрделі хирургиялық араласулар бір операция аясында жүргізіледі», – деді ол.
Оның айтуынша, неонаталдық хирургия саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Қазіргі уақытта даму кемістіктері бар нәрестелерге мамандандырылған медициналық көмек еліміздің барлық дерлік өңірінде қолжетімді.
Жыл сайын шамамен 1,5 мың сәбиге хирургиялық операция жасалады. Олардың 40%-ы тіндерді барынша аз зақымдайтын эндовидеохирургиялық әдіспен жүргізіледі.
Сонымен қатар жыл сайын 2 мыңнан астам бала кардиохирургиялық көмек алады, 500 балаға есту импланттары орнатылады, ал шала туған 700-ге жуық сәбиге ретинопатияны түзету емі жүргізіледі.
Медициналық инфрақұрылымды жүйелі түрде нығайту нақты нәтижелер беріп отыр. Соңғы үш жылдың ішінде туыстық байланысы жоқ донорлардан дің жасушаларын трансплантаттау үшін балаларды шетелге жіберу көрсеткіші 3 есе, ал кардиохирургиялық операциялар жасау үшін жіберу көрсеткіші 5,2 есе азайған.
Алдағы уақытта ведомство радиойодтерапияны енгізуді және қан тамырлары мальформацияларын емдеудің заманауи хаттамаларын іске қосуды жоспарлап отыр.
«2027 жылдан бастап шетелде емделуге жіберілетін пациенттер санын кезең-кезеңімен тағы 50%-ға қысқарту жоспарлануда. Бұл үшін клиникаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді жалғастыру, инновациялық технологияларды енгізу және кез келген күрделіліктегі операцияларды жасай алатын отандық мамандарды тұрақты даярлау қажет», – деп түйіндеді баяндамашы.