$448.45 €501.59 ₽5.36

Қазақстан Еуропаға қажетті 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді

Қазақстан Еуропаға қажетті 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Бельгия аса маңызды минералдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестікті дамытуға ниетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында еліміздің шикізат әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Президенттің мәліметінше, Қазақстан Еуропа өнеркәсібі үшін қажетті 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Сонымен қатар еліміз Бельгияға титан мен молибден өнімдерін жеткізеді.

«Біздің ресурс әлеуетіміз бен Бельгияның инвестициясын, технологиясы мен білім-білігін ұштастыра отырып, осы өте маңызды салада стратегиялық серіктестік құра аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Король Филипптің мемлекеттік сапары аясында аса маңызды минералдар бойынша Қазақстан-Бельгия дөңгелек үстелі ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, кездесудің нақты инвестициялық және технологиялық жобаларға ұласуы маңызды.

Қазақстанның басты мақсаты – шикізатты өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу және қосылған құны жоғары өнім шығару.

Осы бағытта John Cockerill және Qarmet компаниялары мырышталған болат пен қорғаныш жабындарын өндіру бойынша серіктестік орнатуды жоспарлап отыр.

«Мақсатымыз – отандық өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, қосылған құны жоғары тауар шығару», – деді Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бельгиялық компаниялардың геологиялық барлау, шикізат өндіру және металл өңдеу жобаларына қатысуын құптайтынын жеткізді.