$448.45 €501.59 ₽5.36

2027 жылдан бастап кейбір отбасыларға жерлеу жәрдемақысы берілмейді

2027 жылдан бастап кейбір отбасыларға жерлеу жәрдемақысы берілмейді
Фото: ашық дереккөз

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жерлеуге арналған біржолғы төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жәрдемақы отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай беріледі. Әл-ауқаты жоғары және ауқатты санаттағы отбасылар бұл төлемді ала алмайды, деп хабарлайды Astana TV  Uchet.kz сайтына сілтеме жасап.

Үкімет қаулысымен бекітілген жаңа тәртіпке сәйкес, жерлеуге арналған біржолғы төлем республикалық бюджеттен жасы бойынша зейнетақы, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі немесе мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда беріледі. Төлемді марқұмның отбасы немесе оны жерлеген адам ала алады.

Жерлеу жәрдемақысының мөлшері қанша болады?

2027 жылдан бастап төлем мөлшері тиісті қаржы жылына белгіленген 35 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Ал Ұлы Отан соғысының ардагері қайтыс болған жағдайда 36,6 АЕК төленеді.

2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында АЕК мөлшері 4 693 теңге болып белгіленген. Егер бұл көрсеткіш өзгеріссіз бекітілсе, жерлеу жәрдемақысы 164 255 теңге, ал Ұлы Отан соғысының ардагеріне қатысты төлем 171 763,8 теңге болады.

Қазір АЕК мөлшері 4 325 теңге болғандықтан, жерлеуге берілетін төлем 151 375 теңгені құрайды.

Кімдер жәрдемақы ала алмайды?

Жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік әл-ауқаты жоғары саналатын А санатындағы және ауқатты деп танылған В санатындағы отбасыларға жерлеу жәрдемақысы берілмейді.

Сонымен қатар төлем алу үшін өтініш беруші мен отбасының кәмелетке толған мүшелері дербес деректерді жинауға, өңдеуге, тексеруге, жаңартуға және беруге келісім беруі керек.

Бұл келісім банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия мәліметтерді, сондай-ақ кредиттік бюродағы ақпаратты тексеруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, несиенің жалпы сомасы, ай сайынғы төлем, мерзімі өткен берешек пен қалған қарыз туралы деректер ескеріледі.

Осы мәліметтер негізінде отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бағаланады.

Жаңа қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.