$448.45 €501.59 ₽5.36

Қазақстандықтардың жеке деректері желіге тарап кетті: депутаттар тексеріс жүргізуді талап етуде

Қазақстандықтардың жеке деректері желіге тарап кетті: депутаттар тексеріс жүргізуді талап етуде
Фото: Құрылтай

«Яндекс» компаниясындағы ақаудан кейін депутаттар Бас прокуратура мен Жасанды интеллект министрлігінен қазақстандықтардың жеке деректерін сақтау бойынша шұғыл тексеріс жүргізуді талап етті

Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының депутаттары Қазақстан азаматтарының дербес деректерінің жаппай жариялануы мен шетелге заңсыз берілу қаупіне байланысты дабыл қақты, деп хабарлайды Astana TV.

Депутат Ляззат Жылқыбаеваның сөзінше, ел Конституциясында әрбір азаматтың жеке және отбасылық құпиясы мен дербес деректерінің қорғалуына заңмен кепілдік берілген. Алайда, цифрлық дәуірде бұл кепілдіктер жиі бұзылып, азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келіп отыр.

Жақында орын алған «Яндекс» сервистеріндегі іркіліс бұл мәселенің өзектілігін одан ары арттырды. Компания бұл жағдайды шетелдегі инфрақұрылым ақауымен түсіндіргенімен, министрлік компоненттердің бір бөлігі елден тыс жерде екенін растаған.

«Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі ақаудан тоқтап қалуы бұл мәліметтердің қай елде және қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», - деді депутат.

Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер тарапынан да өрескел қателіктер жиілеп кеткен. Мысалы, Қызылорда облысының Шиелі ауданында білім беру ұйымдары 529 қызметкердің, ал Семейде 344 кәмелетке толмаған баланың жеке деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялап жіберген.

«Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық интернетке шығарып қойған. Әсіресе балалардың мекенжайы, денсаулығы мен отбасы жағдайының таралып кетуі олардың жеке өміріне тікелей қауіп төндіреді», - деп атап өтті халық қалаулысы.

Осыған байланысты депутаттар Үкімет пен Бас прокуратураға мынадай нақты талаптар қойды:

  1. «Яндекс» оқиғасына байланысты қазақстандықтардың дербес деректерінің шетелге заңсыз берілу-берілмеуін жан-жақты тексеру;
  2. Әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың жеке мәліметтерді жинау заңдылығын сараптау;
  3. Мемлекеттік жүйелердегі дербес деректерді бүркемелеу (анонимдеу) талаптарының орындалуын тексеру;
  4. Сала мамандарының біліктілігін арттырып, жергілікті органдарға арналған бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеу;
  5. Жеке деректері заңсыз тарап кеткен азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерін іске қосу.