$450.62 €504.2 ₽5.36

Қызылжарда жылудан қағылған жұрт дабыл қақты

Қызылжарда жылудан қағылған жұрт дабыл қақты

Қызылжарда жылудан қағылған жұрт дабыл қақты. Тұрғындар жылу жүйесіне қосыла алмай әлек. Бұқара бұған құрылысшыларды кінәлап отыр. Новая көшесіндегі жылу магистралін жаңғырту жұмыстары маусым айында басталған. Құрылыс бүгінде аяқталғанымен, жылу үйлерге әлі күнге дейін жетпеген. Салдарынан 29 пәтердің тұрғыны жаурап жатқандарын жеткізді. Айта кету керек, Петропавлда жылу маусымы шамамен екі апта бұрын басталды.

ОЛЬГА КИЛЬТАУ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үйіміз азынап тұр. Бөлмелердегі температура 10 градус қана. Күнде электр желдеткіштерді қосып жылынамыз. Соның салдарынан қосымша коммуналдық шығын пайда болды. Құзырлы органға талай рет жүгіндік. Олар бір-біріне сілтей береді.

Жаңғыртылып жатқан магистральдің жалпы ұзындығы 2200 метр. Нысан жоспарға сәйкес келесі жылы толық қолданысқа берілуі тиіс еді. Алайда, мердігер компания жұмысты мерзімінен бұрын аяқтағап, алып құбырды биыл қолданысқа бермек.

МҰХАММАД ҒАЛЫМОВ, МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл жердегі ескі магистраль 80 пайызға тозған. Біз оны толықтай ауыстырдық. Бүгінде жұмыстар 95 пайызға бітті. Біз барлық шаруаны жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргіздік. Алайда, кей жерде тұрғындардың құбырды өздері қосқан аралықтар бар. Олқылықтар сол жерден шығып тұр. Біз соны жақын арада жоямыз.