Қазақстандық ММА жауынгері Еркебұлан Тоқтар таеквондошы Тамирлан Тілеулесті Азия ойындарындағы тарихи жеңісімен құттықтап, оған байғазы берді, деп хабарлайды Astana TV.
Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Тамирланмен кездескен сәтінен видео жариялады. Кездесу кезінде жас чемпион алтын медалін көрсеткен. Ал Еркебұлан Тоқтар оның жетістігіне қуанып, қазақы дәстүрмен 100 АҚШ долларын байғазы ретінде табыстаған.
Тамирлан Тілеулес 2026 жылғы Азия ойындарында 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бірнеше қарсыласын жеңген. Ол жарыс барысында Оман, Иран және Оңтүстік Корея спортшыларынан басым түскен.
Ал шешуші кездесуде Филиппин өкілі Курт Брайан Барбосамен күш сынасып, 2:0 есебімен жеңіске жеткен.
Осылайша, Тамирлан Тілеулес Қазақстан тарихында жазғы Азия ойындарының таеквондо жарысынан алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.
Жас чемпионның жетістігін Еркебұлан Тоқтар да назардан тыс қалдырмай, оған құрмет көрсетіп, ақшалай сыйлық берген.