Қазақстанның бірқатар өңірінде мүгедектігі бар азаматтарға біржолғы әлеуметтік көмек беріледі. Төлем мөлшері 12 975 теңгеден басталып, кейбір санаттар үшін 259 500 теңгеге дейін жетеді. Қаражаттың кімдерге және қашан төленетіні тұрғылықты жеріне байланысты, деп хабарлайды Astana TV.
Қазан айының екінші жексенбісінде Қазақстанда Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күні атап өтіледі. Осыған орай еліміздің бірқатар өңірінде жергілікті бюджеттен біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған. Ал кейбір облыстарда тұрғындарға төлем 25 қазан – Республика күніне орай беріледі.
Қай өңірде қанша ақша төленеді?
Елордада әлеуметтік көмектің мөлшері мүгедектік тобына қарай белгіленген. Астанада I топтағы азаматтарға 86 500 теңге, II топтағы адамдар мен 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 43 250 теңге, ал III топтағы азаматтарға 21 625 теңге беріледі. Қаражат қалада тіркелген тұрғындарға өтінішсіз аударылады. Алайда биыл басқа негіз бойынша біржолғы әлеуметтік көмек алғандарға бұл төлем қайта берілмейді.
Ал Ақмола облысында мүгедектігі бар азаматтардың барлық тобына және мүгедектігі бар балаларға 12 975 теңгеден қарастырылған. Кейбір аудандарда ақша аударылып қойған, қалған тұрғындарға қазан айында төлеу жоспарланған.
Абай облысында I және II топтағы кәмелетке толған азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға 21 625 теңгеден беріледі. Өңірде төлемдерді 20 қазанға дейін аяқтау көзделген.
Ақтөбе облысының тұрғындарына берілетін көмек мөлшері бұдан жоғары. Мұнда мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алатын мүгедектігі бар азаматтарға 56 225 теңге, ал мүгедектігі бар балаларға 112 450 теңге төленеді. Қаражатты Республика күніне орай аудару жоспарланып отыр.
Атырау облысында 18 жастан асқан I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 86 500 теңгеден бөлінген. Тұрғындарға арнайы өтініш берудің қажеті жоқ, ақша банк шоттарына тікелей аударылады. Батыс Қазақстан облысында біржолғы көмек тек мүгедектігі бар балаларға қарастырылған. Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі балаларға 20 мың теңгеден төленеді.
Жетісу облысында да әлеуметтік көмек балаларға бағытталған. Мұнда 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 25 950 теңгеден беріледі. Ақша олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне аударылады. Ал Қызылорда облысында мүгедектігі бар азаматтардың барлық санатына 12 975 теңгеден біржолғы көмек қарастырылған.
Павлодар облысында төлем мөлшері алушының санатына қарай өзгереді. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға 108 125 теңге, ал I және II топтағы азаматтарға 21 625 теңге беріледі. Бұл өңірде ақылы бөлімде білім алып жүрген мүгедектігі бар студенттерге де қаржылай көмек көрсетіледі. Жоғары оқу орындарының студенттеріне 259 500 теңге, ал колледжде оқитындарға 129 750 теңге қарастырылған. Бұл – аталған өңірлік төлемдер арасындағы ең жоғары сома болып отыр.
Түркістан облысында үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 3 182 мүгедектігі бар балаға көмек көрсету жоспарланған. Алайда оларға берілетін қаражаттың нақты мөлшері жарияланған ақпаратта көрсетілмеген. Шымкентте Республика күніне орай 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 21 625 теңгеден төленеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 178,1 миллион теңге бөлу жоспарланған.
Ұлытау облысында 18 жастан асқан I, II және III топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 20 мың теңгеден қарастырылған. Өңірде төлемдерді 15 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Қай өңірлерде біржолғы төлем қарастырылмаған?
Ал еліміздің сегіз өңірінде Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне орай мұндай біржолғы көмек берілмейді. Олар – Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстары.
Айта кетейік, біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері мен оны алатын азаматтардың санатын жергілікті мәслихаттар белгілейді. Сондықтан төлем барлық өңірде бірдей емес. Ал мұндай көмектің қарастырылмауы мүгедектігі бар азаматтарға ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақының тоқтатылатынын білдірмейді.