Табиғаттағы тірі ағзалардың алуантүрлігін сақтау талай кесапаттың алдын алады. Өйткені бұл экологиялық жүйенің бірқалыпты қызмет етуіне тікелей әсер ететін фактор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен СОР17 көшбасшылар саммитінде табиғаттағы қауіп-қатерді уақытылы анықтау үшін цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға шақырды. Жаһандық жиында қоршаған ортаны түрлендірудің қандай тәсілдері аталды? Тілші тарқатады.
Жер Ананың тартуын келер ұрпаққа қайтсек аман жеткіземіз? Ереванда бас қосқан әлем елдерінің лидерлері осы тақырыпта талқы жүргізді. Қазақстан қашаннан күрделі экологиялық сын-қатерлермен күресте алдыңғы шептен табылады. Бұл жолы президент Қазақстанның Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру туралы бастамасын таныстырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Он жылға арналған бұл бастаманы Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдарлама толықтыра түседі. Құжат табиғи мекендеу орталарын қалпына келтіруді, түрлерді қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейтуді көздейді. Бұдан бөлек, Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құруға кірістік.
Жер көлемі бойынша 9-орын алатын еліміздің флорасы мен фаунасы бірегей. Оны көздің қарашығындай сақтау – Ата заңмен бекітілген мемлекеттің басты жауапкершілігі. Жойылуға шақ қалған киік, ілбіс, қар барысы бүгінде ерекше қорғауға алынып, популициясы кең таралды. 70 жылдан соң алғаш рет Тұран жолбарысы тарихи мекеніне қайтарылды. Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру де қолға алынған.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғауда көрші мемлекеттерді күш жұмылдыруға шақырды. Әсіресе, соңғы ғасырда 1 млннан ширек бөлігі ғана қалған итбалықтардың жағдайы алаңдатады. Каспий теңізі Арал тағдырының кебін кимеуі керек. Су ресурстарын басқаруда әлі де берік байланыс қажет. Сөз соңында Мемлекет басшысы Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орналастыруды ұсынды.