Оралда Мұнай-газ машина жасау форумы және Операторлардың ашық есік күні өткізілді. Ауқымды басқосуды Энергетика министрлігі және облыс әкімдігінің қолдауымен Мұнай-газ машина жасауын дамыту халықаралық орталығы ұйымдастырды.
Бұл жолғы форум Халықаралық IMBC орталығының 5 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы бес жылда орталық алпауыт компаниялар мен отандық зауыттарды байланыстыратын көпірге айналды.
НҰРДІЛДА ОРАЗ, БҚО ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру және ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттарды кеңейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы бағытта облыс экономикасына 539 миллиард теңге инвестиция тартылып, нақты көлем индексі 103 пайызды құрады.
Алдағы 4 жылда 4 триллион теңгеге 73 жаңа жобаны іске қосып, 10 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Соның бірі - Қарашығанақтағы жылына 5 миллиард текше метр газ өңдейтін үлкен зауыт. Бұл ауқымды іске отандық кәсіпорындар да қатыса алады.
ДАСТАН ӘБІШЕВ, IMBC БАС ДИРЕКТОРЫ:
Бізде жаңа жұмыс орындары, онымен қоса әр жаңа өндіріс, ол деген мультипликативті эффектін береді. Онымен қоса жан-жақты басқа да салалар дамып келеді. Ең бастысы біздің елімізде, өзімізде, Қазақстанда жасалған тауарлар жасалынады халықаралық стандарттарға сай.
Форумда «ҚазМұнайГаз» бен ірі операторлар отандық зауыттармен 750 миллион доллардың келісімшарттарына қол қойды. Бұл былтырғыдан 240 миллион долларға көп. Ал көрмеде 40-қа жуық қазақстандық зауыт өз өнімдерін көрсетті. Бұлар - шетелдің дайын заты емес, өзімізде жасалған жабдықтар.