$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Қазақстан Өзбекстанға жыл сайын 50 мың автокөлік экспорттайтын болады» - А.Мақашева

AstanaTV
03.04.2018ж. 20:00
3170
«Қазақстан Өзбекстанға жыл сайын 50 мың автокөлік экспорттайтын болады» - А.Мақашева

Биыл Қазақстан отандық көлік экспортын 30 пайызға арттырмақ. Бұл туралы бүгін ІІІ қазақстандық автомобиль форумында айтылды. Өткен жылы экспорт 4 есеге көбейген. Мұнымен қатар биыл жаздан қалмай, Қазақстанда жасалған элекромобильдердің бағасы нақтыланып, саудаға шығарылатыны белгілі болды. Көліктер көрмесіне барған әріптесім Дәуренбек Бақдәулет толықтырады. 

Қазақстан мен Өзбекстан үкіметі арасындағы сан түрлі келіссөздер өз нәтижесін бере бастаған сыңайлы. Қос ел арасындағы келісім нәтижелі аяқталса, Қазақстан көрші елге жылына 50 мың дана көлік экспорттаймыз деп отыр. Ал, өзбек тарапы біздің елде өткен жылы жылдық қуаты 50 мыңға жуық Ravon маркалы көлік шығаратын зауыт ашқан. Ол қазақстандықтардың сұранысына ие болған Lada мен Toyota көліктерінен кейінгі үштікке енген. 

Анар Мақашева, Қазақстан автобизнес қауымдастығы вице-президенті:

Қазақстанда шығарылған көліктерді сатып, әрі одан бетер дамыту үшін Өзбекстан - өте қолайлы алаң. Сондықтан жылына 50 мың дана көлік көршілес елге жеткізіледі деген жоспар бар.  Ал Өзбекстанның кәсіпорны бізде ашылғандықтан, ол жақтан тек көліктің қосалқы бөлшектері алынып отырады.

Жалпы Қазақстанның көлік индустриясын дамыту үшін жергілікті климатқа лайықты әрі төзімді етіп жасау қажет. Мұнан өзге бағасы бәсекеге лайық болғаны жөн. Бұл немістің белгілі Messe frankfurt компаниясының вице-президенті Михаэль Йоханнестің пікірі. Маман пікірін қытайлық әріптесі де қолдап отыр.

Ян Ранс, «JAC MOTORS» компаниясының Қазақстандағы өкілі:

Біздегі «Jac» көліктері әлі де толықтырылып, жасақталып жатыр. Арнайы сыннан да өткізіледі. Қазақстанның климаты өте салқын екені мәлім. Сондықтан тұтынушылар тарапынан көлік «жүрмей не болмаса қатып қалады» деген еш күмән туындамауы тиіс. Ал бағасын қарапайым халық көтере алатын болады деп ойлаймын. 

Әзірге оның құны қанша болатыны талқыланып жатыр. Ал бейресми ақпаратқа сай, Қытайда бір элекромобиль 30 мың долларға сатылған. Бірақ оның 40 пайызын үкімет субсидиялапты. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Дәл осы автокөлік Қытайда саудаға шыққанда 1 айдың ішінде 25 мың данасы сатылып кетіпті. Ал, бұл Қазақстанда жасалған. Компания, керек болса, жылына 5 мың көлік шығарып береміз дейді, әрине, ол сұранысқа байланысты. Көліктің артықшылығы - сол өзінің қуаттағышы бар кез-келген жерде, кез-келген үйде қуаттап алуға болады. Мұнан өзге қытайлық мамандар Қазақстанда тұтыну көлемі нақты қанша боларын айта алмайды, тек жыл сайын 10 пайызға артып отырады деп бек сеніммен айтып отыр.