Ақтауда жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан 11 жастағы оқушыны көлік қағып кетті, деп хабарлайды Astana TV Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға болған сәттен видео әлеуметтік желіде тарады.
Видеодан жаяу жүргіншілер өткелінен үш оқушының өтіп бара жатқаны көрінеді. Сол кезде Lada Priora маркалы автокөлік балалардың бірін қағып кетеді, содан кейін бала бір жаққа ұшып кетеді.
Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының хабарлауынша, шақырту сағат 13:48-де түскен. Ол бірінші шұғылдық санатына – жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғасына жатқызылды.
Дәрігерлер 11 жастағы баланы қарап, оның жағдайын орташа ауыр деп бағалады. Алдын ала диагноз бойынша жабық бассүйек-ми жарақаты және мидың шайқалуы анықталды.
Оқушы облыстық көпсалалы балалар ауруханасында ем қабылдауын жалғастыруда.