Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Альби» ломбардтар желісінің заңсыз қызметін тоқтатты
Тергеу мәліметінше, бұған дейін «Альби-Ломбард» ЖШС микроқаржылық қызметпен айналысатын ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған.
Алайда компания атауын «Альби-КМ» ЖШС деп өзгерткеннен кейін де Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз беруді жалғастырған, деп хабарлайды Astana TV.
Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған мүліктің жоғары бағаланатынын және қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін айтып, жарнама таратқан.
Қарыз күніне 2 пайыздық өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары.
Қарыз шарттары бұрынғы «Альби-Ломбард» ЖШС-нің мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ал ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген, – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.
Қылмыстық жолмен түскен табыс 146 млн теңгеден асқан.
Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Соттың рұқсатымен оның мүлкіне, атап айтқанда, 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.