Атырау облысында бір тәулікке жуық уақыттан бері дала өртін өшіре алмай жатыр. Кеше кешкісін Қызылқоға ауданының Қарабау ауылынан батысқа қарай 13 шақырымдай қашықтықта қамыс өрті тұтанған.
Сол маңдағы елдімекен тұрғындары көз ілместен үйін күзетіп шыққан. Түні бойы лаулаған өрт сайды жағалап барады. Батпақты аумақ болғандықтан қызыл жалын маңына техника жете алмайды.Тілсіз жаумен 60-қа жуық өрт сөндіруші мен ерікті алысып жатыр. Ауданға қарасты барлық округтерден және көршілес Индер ауданынан да көмек келген. Мамандар екі шаруа қожалығының жерін өрт шарпығанын айтады. Абырой болғанда, мал-жан аман. Өрт 10 гектарды шарпып үлгерген, 4 гектардай аумақта қамыс әлі жанып жатыр.
МАҚСАТ ТӨКЕНОВ, ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНДЫҚ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Сайдың бойында қамыстың жануы болып жатыр. Дала өрті аумағы шамамен 10 гектар. Қызылқоға ауданынан барлығы 50-дің үстінде еріктілер, 6 арнайы техника және 5 жеңіл автокөлік жұмылдырылды. Еріктілер өрт сөндірушілермен, арнайы техникалар, арнайы киімдерімен, тағы да басқа өрт сөндіру құралдарымен бірге шығып жатыр.