$452.59 €507.67 ₽5.48

Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматқа көшірілді

AstanaTV
19.10.2026ж. 19:00
Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматқа көшірілді

Қазақстандық  IT-қызметтер экспорты 1 миллиард долларлық межені бағындырды. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматқа көшірілді.  Ақылды жүйелер медицинада, білім саласында, тіпті мегаполистердегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде басты көмекшіге айналып отыр.

Жаһан жұрты жасанды интеллектінің мүмкіндігін игілікке жаратып, цифрлық бәсекеге білек сыбана кірісті. Қазақстан да бұл көштен қалыс қалмай, осыдан жеті жыл бұрын «Smart Data Ukimet» жүйесімен басталған цифрландыруды қуатты эко-жүйеге айналдырды. Елімізде 100-ден астам инновациялық стартап жүзеге асып, венчурлық капитал көлемі 73 миллион доллардан асты.

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Егер біз стартаптарды, оның ішінде экспортқа бағытталған IT-стартаптарды дамытатын болсақ, елге қосымша қаражат келеді. Екіншіден, басқа мемлекеттер арасындағы түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстарға тәуелділігіміз азаяды. Үшіншіден, ғылымға салынып жатқан инвестицияның нақты нәтижесін көрсететін саланың бірі - IT бағыты.

Бүгінде отандық IT-қызметтер экспорты алғаш рет 1 миллиард долларды бағындырса, оның 633 миллион доллары «Astana Hub» технопаркі резиденттерінің үлесіне тиесілі. Ал Елордада бой көтерген «Alem.ai» орталығы мен «Alem.Cloud» суперкомпьютері орасан зор деректерді өңдеуге жол ашты. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды форматқа өтіп, «Отбасының цифрлық картасы» миллиондаған отандасымызға әлеуметтік көмекті жедел жеткізуге мүмкіндік берді. Ақылды жүйелер мегаполистердегі жол қозғалысын саралап, кептелісті сейілтуге де септеседі. 250 шақырымға дейін ұша алатын электрлі аэротаксилер сынақтан өткізілуде.

ТОМАС ПРАМОТЕДХАМ, «PRESIGHT.AI» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Smart City жобасы қаланың барлық негізгі саласын қамтиды. Жүйе төтенше қызметтердің жұмысын үйлестіріп, оқиғаларға әрекет ету уақытын қысқартады. Коммуналдық қызметтерді біріктіру арқылы қоқыс шығару мен көшелерді тазалау жұмыстарының тиімділігі артады. Жол қозғалысы қауіпсіздігі күшейтіліп, ереже бұзушылықтар автоматты түрде анықталады. Интеллектуалды жүйе көлік ағынын талдап, кептелісті азайтуға және қоғамдық көліктің жұмысын бақылауға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектінің адам өміріне тікелей пайдасы тиетін маңызды саланың бірі - медицина. Отандық «Cerebra AI» жүйесі томография нәтижесін небәрі 5-10 минутта талдап, инсультке ұшыраған науқастардың өлім-жітімін азайтуға мүмкіндік берді.

АҚБОТА КӘРІМХАНОВА, ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ МЕДИЦИНАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ:

Жасанды интеллект диагноз қоюға, жас мамандарға алдын ала зерттеу жүргізіп, емдеу үдерісін жоспарлауға көмектеседі. Зерттеу нәтижелерін пайдалану арқылы жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді қолдануға болады. Алдын ала диагноз қоюда технология дәрігердің дұрыс бағыт таңдауына елеулі септігін тигізеді.

Елдің технологиялық әлеуеті тек озық компьютерлермен өлшенбейді. Ең бастысы - заманауи мүмкіндіктердің әр азаматтың тұрмысын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және адам өмірін сақтауға қызмет етуі