$450.69 €505.04 ₽5.45

"Бір күні өртеніп кетсек ше?",-тұрғын

AstanaTV
20.10.2026ж. 19:00
"Бір күні өртеніп кетсек ше?",-тұрғын

Ақтөбеде ескі жатақхананың тұрғындары өз үйлерінде тыныш ұйықтай алмай жүр. Қазан айы басталғалы ескі ғимарат 4 рет отқа оранған. Соңғы өрттен кейін жарық өшіп, жұрт 3 күннен бері қараңғыда отыр. Біреулер әдейі өрт қойып жүр деп күдіктенеді олар.  30 дан астам отбасы баспанасыз қаламыз ба, деп алаңдайды.

Ғимараттың сырты да, іші де бүтін емес. Тұрғындар  барынша күтіп ұстауға тырысады. Қабырғаларын әктеп, кіреберіске темір есік  орнатқан. Алайда, мұнда ішімдікке салынатындар жиналып, тыныштық бермейтін көрінеді.  Соңғы уақытта өрт көбейіп, жұрттың зәресін алған. Осыдан 4 күн бұрын түнгі үштер шамасында үйді қою түтін басып, тұрғындар таңды далада атырыпты.  

НӘЗИРА САҒЫМБАЕВ, ЗЕЙНЕТКЕР:

Шықтық, түннің ортасында отырдық. Күз болса келіп жатыр. Свет жоқ міне, үшінші күн, бүткіл продуктымызды тастадық уже бәрі испортилось бәрі. Түнде жатуға қорқамыз біздер, жатуға қорқамыз тағы өртеп жібере ме деп.

Алғашқы өрт қазанның 1 де шыққан. Арада бір апта салып тағы түтін мен жалын басыпты. Тұрғындар біреулер әдейі өрт қойып жүр, деп күдіктенеді. Полицияға арызданған.  Қараңғы кіреберісте кімнің кіріп-шығып жүргенін бақылау қиын. Соңғы өрттен кейін электр сымдары зақымданып, 3 күннен бері жарық жоқ. Тұрмыстық техникалары жанып кеткен. Енді олар бір түні ұйықтап жатқанда өртеніп кетеміз бе деп қорқады.

ТАТЬЯНА АФИНОГЕНОВА, ТҰРҒЫН:

Үш күннен бері жарықсыз отырмыз! Су да жоқ. Бұл не деген бассыздық?! Сіздерге өтініш айтамыз- жағдайымызға назар аударыңыздаршы! Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттар мен балалар бар. Түтіннен тұншығып жатырмыз. Кезектесіп күзетіп тұрмыз, көз іле алмай қойдық, бір күні өртеніп кетсек ше?

Полиция тексеру жүргізген. Соңғы екі өртке -жертөледегі электр қалқанының техникалық ақауы мен темекі тұқылы себеп деп отыр. Ал мамандар былтыр ғимаратты апатты деп таныған.

АСХАТ ҚАЗИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл үйді апатты деп танылғаннан кейін біздің жақтан оларға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бізден анықтама алады-үй апатты деп анықталған. Сол справкамен, анықтамамен «Отбасы» банкпен банкке барып, жалғыз үйім деп жалғыз баспанам деп очередьке тұрады , сондай категориямен.

Мұнда-зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен бала көп. Денінің басқа барар жері жоқ. Сондықтан олар үшін бұл жай ғана  жатақхана емес, бас сауғалап отырған жалғыз баспана. Тұрғындар жауапты мекемелерден өрттің себептерін түбегейлі анықтап, қауіпсіздікті күшейтуді әрі  апатты үйдің болашағын шешуді сұрайды.