$450.69 €505.04 ₽5.45

Депутат елдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін қатаң сынға алды

21.10.2026ж. 11:13
Депутат елдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін қатаң сынға алды
фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков Премьер-министр Олжас Бектеновке тозығы жеткен тұрғын үйлерді жөндеуге қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутат елдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін қатаң сынға алып, бұл бағыттағы жұмыстардың мардымсыз жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды  Astana TV.

Халық қалаулысының айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың дерегі бойынша республиканың тұрғын үй қоры 61 367 көппәтерлі тұрғын үйді құрайды. Оның ішінде 1 037 пәтер апатты жағдайда болса, 3 347-сінің тозығы жеткен (барлығы 4 384 үй). Бұл шамамен 27 мыңға жуық отбасының баспанасы ескірген немесе қауіпті екенін білдіреді.

Депутат соңғы 3 жылда Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде баргеті 352 апатты үй бұзылып, 200 жаңа көппәтерлі үй салынғанын, алайда бұл көрсеткіш жалпы республикалық қордың тек 0,3%-ын ғана қамтитынын атап өтті.

Мәселен, 2025 жылы апаттық жағдайдағы және тозығы жеткен тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында,мәслихаттар мен әкімдіктердің аталған тұрғын үйлерді реновациялаудың өңірлік бағдарламаларын қабылдау жөніндегі құзыреттері заңнамалық тұрғыдан күшейтілді. «Әділет» партиясының бағдарламасында реновациялау механизмін күшейтіп, 30 мыңға жуық меншік иесін апатты және тозығы жеткен үйлерден қауіпсіз баспанаға көшіру көзделген. Сонымен қатар, уәкілетті орган ұсынған ақпаратқажүргізілген талдау көрсеткендей,  реновациялауды іске асыру барысында бірқатар кемшіліктер бар екеніанықталды. Бағдарлама барлық өңірде іске қосылғанымен, оның орындалу барысы мардымсыз, деді Әмірбек Оспанбеков. 

Оның айтуынша, 2025 жылы мәслихаттар мен әкімдіктерге реновациялау бағдарламаларын қабылдау құзыреті берілгенімен, өңірлердегі атқарылып жатқан жұмыстар сын көтермейді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 334 апатты үйдің тек 3-уі ғана (1%) көшірілуі жоспарланған. Ал Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында бұл көрсеткіш небәрі 2–19% аралығында. Тек Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстары ғана бұл мәселені 2029 жылға қарай толық шешуге дайын екенін жеткізді.

Депутат жалпы есеппен 2029 жылға қарай 15 653 меншік иесі әлі де апатты және тозығы жеткен үйлерде қалып қою қаупі бар екенін қатаң ескертті. Сондай-ақ ескі баспаналардағы өрт қаупі жиі қайғылы жағдайларға, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретінін айтып, бұған жол беруге болмайтынын баса айтты.

Осы мәселені шешу үшін депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар жолдады:

  1. Реновация жобаларының орындалуын бақылау үшін Үкімет жанынан арнайы Комиссия құру;

  2. Барлық өңірлер бойынша меншік иелерін көшіруге қатысты нақты мерзімдері көрсетілген Бірыңғай жол картасын жасау;

  3. Реновацияның тиімділігін әкімдердің жұмысын бағалайтын рейтингке енгізу.