$450.69 €505.04 ₽5.45

Педагог-ассистенттердің жалақысы мен жұмыс уақыты қайта қаралуы мүмкін

21.10.2026ж. 14:00
Педагог-ассистенттердің жалақысы мен жұмыс уақыты қайта қаралуы мүмкін
фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айнагүл Балташева Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға педагог-ассистентердің еңбек жүктемесі мен жалақысын нормативтік реттеу туралы депутаттық сауал жолдады,  деп хабарлайды  Astana TV.

“Бүгінде инклюзивті білім беруді дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе»- деп атап көрсетті. «Әділет» партиясының «Инклюзия: өзгелермен тең өмір сүріп, еңбек ету» басымдығында азаматтардың өзгелермен тең дәрежеде білім алуына, еңбек етуіне және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау көзделген. Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 мыңға жуық бала тіркелген. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, білім беру ұйымдарында 6,5 мың педагог-ассистент жұмыс істейді. Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – мыңдаған баланың тағдыры мен болашағына деген ортақ жауапкершілік. Педагог-ассистент – баланың жанында жай ғана жүретін қызметкер емес. Ол ерекше баланың білім алуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өзіне деген сенімін қалыптастыруына және дербестік дағдыларын дамытуына кәсіби қолдау көрсететін маман. Алайда бүгінгі таңда педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын нормативтік реттеу мәселесі толық шешімін таппай отыр. Қолданыстағы қағидаларда олардың лауазымдық міндеттері мен біліктілік санатына байланысты қосымша ақы қарастырылғанымен, апталық нормативтік оқу жүктемесі мен жұмыс уақытын есептеу тәртібін нақтылау қажеттілігі сақталуда. Бұған дейін педагог-ассистенттердің еңбекақысын есептеуде аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесі қолданылған. Қазіргі нормативтік реттеудегі айқындықтың жеткіліксіздігі өңірлерде жұмыс уақытын әркелкі есептеуге жол береді”, – деді ол.

Депутат бұл мәселенің мамандардың тұрақтылығына және ерекше балаларға көрсетілетін қолдаудың сапасына тікелей әсер ететінін айтып, Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше ұсыныс енгізді.

“Біріншіден, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның талаптарын ескере отырып, педагог-ассистенттердің аптасына 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін және оны құқықтық тұрғыдан нақты бекіту мүмкіндігін қарастыруды, қаржылық негіздеме әзірлеуді ұсынамыз. Екіншіден, баланы тікелей сүйемелдеу уақыты мен сабаққа дайындалу, педагогтермен бірлесіп жұмыс істеу, құжаттама жүргізу сияқты өзге кәсіби міндеттерге жұмсалатын жұмыс уақытын нақты ажыратып, есепке алу тәртібін белгілеу қажет. Үшіншіден, педагог-ассистенттердің еңбек жүктемесі мен еңбекақысын есептеудің республика бойынша бірыңғай тәртібін қамтамасыз етуді ұсынамыз. Ерекше баланың өздігінен жасаған алғашқы қадамы, ойын еркін жеткізуі, сыныптастарымен бірге тапсырма орындауы – отбасы үшін үлкен қуаныш, ал қоғам үшін бұл инклюзивті білім берудің  нәтижесі. Осындай әрбір жетістіктің артында педагог-ассистенттің күнделікті еңбегі тұр. Сондықтан педагог-ассистенттің еңбек құқығын қорғау – ерекше баланың сапалы білім алу құқығын қорғау. Біз баланың болашағына қамқорлық жасауды оның жанындағы маманның еңбегін әділ бағалаудан бастауымыз керек. Көтерілген мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруді сұраймыз”, – деді ол.