$450.69 €505.04 ₽5.45

Өрттен шатыр опырылып, төрт адам зардап шекті

AstanaTV
21.10.2026ж. 19:00
Өрттен шатыр опырылып, төрт адам зардап шекті

Алматыда екі қабатты нысан өртенді. Жатақхана типтегі ғимаратта бірнеше отбасы тұрып жатқан. Өрт кезінде шатыр опырылып, төрт адам зардап шекті. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Әйгерім Есенкелді айтады.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Бұл- Айгерім-1 шағын ауданындағы екі қабатты ғимарат. Тұрғындар жарылыстың қатты дауысын естідік дейді. Өрт сөндірушілер келген кезде шатыр  жанып жатқан. Металл шатырдың астындағы ағаштар арқылы өрт тез таралған. Жалынның көрші үйлерге де өту қаупі болды. 180 шаршы метр аумақты шарпыған өрт кезінде шатыр опырылып түскен.

СЕРГЕЙ МИХАЙЛОВ, ТҰРҒЫН:

Жарылыстың даусынан ояндым. Кейін ғимараттың өртеніп жатқанын көрдім. Адамдарды шығара бастады. Кем дегенде екі адамның денесі қатты күйіп қалған күйде шығарылғанын көрдім. Өте ауыр жағдайда болды.

ГҮЛНАР БИГАЛИҚЫЗЫ, ТҰРҒЫН:

Қатты от шықты, Мен корқып кеттім. Мен ойладым "Ойбай, әже, қаш!" деп, ана әжені былай қорғап тұр едім, бір кезде бүкіл от жанып шықты. Ана жерде адамдар айғайлап жатыр, жылап жатыр. Екі бала 90% күйіп қалды деп айтты.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Оқиға салдарынан төрт адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер науқастардың қазіргі жағдайын айтты.

ЛӘЙЛӘ ИМАНҒАЛИЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Зардап шеккен екі науқас жансақтау бөлімінде аса ауыр халде жатыр. Тағы екі науқастың жағдайы орташа ауырлық дәрежеде деп бағаланады. Барлық зардап шегушіге қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Ғимараттың біраз бөлігі бүлінген. Мұнда тұру мүмкін емес.  Тұрғындар мен олардың жақындары аман қалған заттарын жинап, сыртқа шығарып жатыр. Өрттің шығу себебі анықталуда.