$448.61 €503.83 ₽5.48

Кедендегі кедергілер жойылады: Қазақстан Өзбекстан және Пәкістанмен келісті

AstanaTV
21.10.2026ж. 19:00
Кедендегі кедергілер жойылады: Қазақстан Өзбекстан және Пәкістанмен келісті

Қазақстан сыртқы сауда байланыстарын кеңейтіп, шекарадағы заңсыз тауар айналымына тосқауыл қоймақ. Құрылтай  депутаттары Өзбекстан және Пәкістанмен кеден саласындағы ынтымақтастықты нығайтатын екі заңды мақұлдады. Бірі көрші елмен сауда рәсімдерін жеңілдетуге бағытталса, екіншісі тауарлардың құны мен шығу тегін тексеруге мүмкіндік береді. Толығырақ Аяулым Изатқызының материалында.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Оңтүстіктегі іргелі көршіміз Өзбекстанмен арадағы байланыс Қазақстан үшін  ерекше  стратегиялық маңызға ие. Екі елде бірдей кеден өкілдіктерінің ашылуы - шекарадағы әкімшілік бөгеттерді жойып, барыс-келісті еселей түседі. Кедендік бақылаудың ашық әрі тиімді жүргізілуі бауырлас екі халықтың сауда-саттығын жандандырып, өзара сенімді де бекемдейді. Бұл - өңірдегі экономикалық ықпалдастықты нығайтуға жасалған маңызды қадам.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда көлемі артып келеді. Тауар айналымы биылғы сегіз айда 3,7 миллиард долларға жетіп, 29 пайызға өскен. Алыс-беріс көбейген сайын шекарадағы өткізу бекеттерінің де маңызы артады. Қазір екі ел арасында 11 өткізу пункті бар. Өткен жылы үш бекет жаңғыртылып, енді «Жібек жолын» пайдалануға беру жоспарланып отыр. Биыл тоғыз айда шекарадан 650 мыңнан астам жүк көлігі өткен. Енді кеден өкілдіктері тауарларды рәсімдеуді жеделдетіп, тасымал кезінде туындайтын мәселелерді шешуге көмектеседі.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Астанада Тәжікстан көрмесі өткенде Өзбекстан аумағы арқылы тасымалданған тауарларды рәсімдеу керек болған. Сонда біздің өкілдеріміз жұмысты жеделдетуге көмектесті. Сол сияқты бізден Ауғанстанға гуманитарлық көмек жөнелтілсе, кедендегі өкілдеріміз құжаттарды жылдам рәсімдеуге атсалысады. Олар жергілікті кеден органдарына тікелей шыға алады

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ал Азиядағы ықпалды серіктесіміз Пәкістанмен ынтымақтасу  Қазақстанның сыртқы сауда географиясын кеңейтеді. Арадағы қашықтыққа қарамастан, кедендік ақпаратты жедел алмасу жүйесі тауар тасымалын ашық әрі қауіпсіз етпек. Бұл келісім халықаралық сауда жолдарындағы кедергілерді азайтып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға жол ашады. Ортақ мүдде тоғысса, Азия нарығына шығу мүмкіндігі де арта түспек

Сондай-ақ, екі мемлекет келісім аясында тауардың құны, шыққан жері және тасымалдың заңдылығы туралы ақпарат алмасады. Мәселен, экспорттаушы көрсеткен мәлімет пен импорттаушы елдегі құжаттар сәйкес келмесе, күмәнді жүкке қатысты қосымша тексеру жүргізуге болады. Ол үшін екі мемлекеттің кеден органдарының электронды жүйелері біріктіріледі.

БӨРІХАН НҰРМҰХАМЕДОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Келісім есірткі, жалған өнімдер және басқа да тыйым салынған заттар контрабандасына қарсы бірлесіп күресуге құқықтық негіз болады. Бір-біріне алдын-ала мәлімет беру шекара арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алуға көмектеседі

Жүйе бізде болады. Оны әрі қарай техникалық және нақты форматын кірістер комитеттері өздері әрі қарай жұмыс істейді. Жүйе іске қосылғаннан кейін біз декларацияларды алдын ала көре аламыз

Қос серіктестік кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, мемлекет үшін кедендік бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Ал сауда  көлемі ұлғайған сайын мұндай тетіктердің экономикалық маңызы да ұлғая түседі.