$450.69 €505.04 ₽5.45

Көлік құжаттарын бір жүйеге біріктіру ұсынылды

AstanaTV
21.10.2026ж. 19:00
Көлік құжаттарын бір жүйеге біріктіру ұсынылды

Көлік құжаттарын цифрландыру жүйесі қайта қаралады. Биыл маусымда іске қосылған Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесі кәсіпкерлерге бірқатар қиындық туғызған. Техникалық ақаулар мен тасымалдаушылардың шағымдарына байланысты платформаны міндетті түрде енгізу келер жылдың маусымына дейін шегерілді. Құрылтай отырысында «Әділет» фракциясының депутаты Ерқанат Мұсылманбек платформаның бірқатар кемшілігін атап, оны жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты.  

Елде жүк тасымалдау саласымен 138 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Оның басым бөлігі цифрлық платформаны қолданысқа енгізуде бірқатар қолайсыздықтарға тап болған.

САПАРҒАЛИ ҚАМБАР, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

Қазақстанда статистика бойынша  550-560 мың грузовой техника бар. Соның где-то 480 мыңы жеке адамдарда. ИП немесе физ лицо. 1-2 техникасы барлар көпшілікті құрайды. Мысалы бағдарлама шығарып қойды. Оны бухгалтерлердің өзі түсінбейді. Істете алмайды. Оны істеу үшін механик қол қою керек. Медсестраның лицензиясы болу керек. Июньда осыған кіріспекші болдық. Бірақ ешқандай медсестра қол қоймайды.

Жүк жүргізушілері жаңа жүйеге ақпарат жүктеуде қиындық көріп жатыр. Осыған байланысты депутат жүйені толық іске қоспас бұрын, оны тасымалдаушылар, жүк жөнелтушілер мен алушылар, сондай-ақ мемлекеттік орган  өкілдерімен бірлесе отырып сынақтан өткізуді ұсынды.

ЕРҚАНАТ МҰСЫЛМАНБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ауылдық жерлерде интернет байланысының әлсіздігінен құжаттарды цифрлық платформада уақытылы рәсімдеу мүмкін болмай отыр. Екіншіден, ақпараттық жүйелердің өзара байланысы жеткіліксіз. Соның салдарынан кәсіпкерлер бір мәліметті бірнеше рет қолмен енгізуге мәжбүр. Үшіншіден, ауылдық және шалғай елді мекендерде жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізетін лицензиясы бар мамандар жеткіліксіз.

Қазіргі таңда жүйе штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Оны пайдалану әлі де ерікті түрде жүзеге асырылуда.

ЕРЛАН ҚЫЛЫШБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Статистиканы айтсақ бүгінде жүйеде 54 мыңға жуық ұйым және 100 мыңға жуық пайдаланушылар тіркелген. Жалпы 1,9 млн жуық құжаттар рәсімделеген. Қазір бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып біз жүйені жетілдіру жұмыстарын жалғастырудамыз.

Жүйені толық енгізу мерзімі шегерілгендіктен, жүк тасымалдаушылар жаңа форматқа бейімделгенше бұрынғы тәсілді де қолдана алады. Ал депутат жұмысты сапалы ұйымдастыру үшін платформаны деректерді қайталап енгізу процессін жоюды ұсынды. Сонымен қатар, интернет жоқта, техникалық ақау кездескенде құжаттарды кейіннен енгізу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, пайдаланушыларды жүйелік қателіктер үшін жауапкершілікке тартпау керектігі айтылды.