$448.61 €503.83 ₽5.48

Балқаш тұрғынын ұрып өлтірген 3 адам сотталды

Балқаш тұрғынын ұрып өлтірген 3 адам сотталды
Фото: pixabay

Қарағанды облысының Балқаш қаласында ер адамды өлімші етіп сабаған үш адам сотталды

Сотталғандардың бірі – кәмелетке толмаған жасөспірім, деп хабарлайды Astana TV turkystan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты анықтағандай, қайғылы оқиға 2025 жылғы 22 желтоқсанға қараған түні болған. Төбелес кезінде кәмелетке толмаған А. есімді жасөспірім сотталушылар А. және Қ.-мен бірге жәбірленуші Ж.-ның басынан жұдырықпен және аяқпен бірнеше рет соққы жасаған. Алған жарақаттарынан ер адам ауруханада көз жұмған.

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, бейнежазбамен, сараптама қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

«Басты сот талқылауы барысында прокурор кәмелетке толмаған А.-ны 8 жылға, ал сотталушылар А. мен Қ.-ны 9 жылдан бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленуші тарап сотталушылардың әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 9-тармақтары бойынша қайта саралауды өтінді. Қорғау тарапы сотталушыларды ақтауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сот А. есімді сотталушының кәмелетке толмағанын қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген ведомствоның хабарламасында.

Сот кәмелетке толмаған А.-ны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал қалған екі сотталушының әрқайсысы 9 жылға сотталды. Жаза тағайындау кезінде сот олардың бірінің кәмелетке толмағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Сотталушылардың жауаптылығын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Моральдық зиянды өтеу үшін 10 млн теңге, сондай-ақ өкілдік шығындары ретінде 3,5 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды.

Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.