Негізгі / Жаңалықтар / Нұротандықтар ішкі нарықты отандық өніммен көбірек қамту керектігін ұсынды

Нұротандықтар ішкі нарықты отандық өніммен көбірек қамту керектігін ұсынды

Тауық етінің импортын азайтып, ішкі нарықта отандық өнімді көбейту керек. Сонда тұтынушы сапалы өніммен қамтылып, өндірушінің ісі алға басады. БҚО-да жасаған сапарында мәжіліс депутаттары осылай деді. Бүгінде Қазақстанның өзін-өзі азық-түлік өнімдерімен қамтуы 80 пайыз. Құс еті негізінен сырттан тасымалданады. Сондықтан аймақтарда құс шаруашылықтарын көбейту керек. Былтыр ашылған оралдық «Жайық ет» серіктестігі жылына 7 мың тонна құс етін өндіреді. Кәсіпорын өз өнімін Ақтөбе, Атырауға да жеткізеді. Енді Маңғыстау облысын қамтамасыз ету жоспарланған.

Сапархан Омаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Елбасы айтып кетті ғой, мына ауыл шаруашылығы біздің экономикамыздың драйвері болуы керек деп. Сондықтан драйвер болуға осындай кәсіпорындардың көптеп ашылғаны бізге үлкен көмек, көрсеткіш болады.

Ал, Жамбыл облысында ашылған ірімшік зауытының жұмысы алға баспай тұр. Тек 20 пайыз қуатында жұмыс істейді. Тәулігіне 50 тонна сүт өңдеуге қауқарлы кәсіпорынның жұмысы шикізат тапшылығынан тұралап қалған. Аудан аумағында 30-ға тарта сүт қабылдау бекеті бар. Олар аздық етіп отыр. Бұл қиындықтарды өндіріс орнының жетекшісі өңірге келген мәжіліс депутаттарына айтып берді. Кәсіпорынның шаруасы шатқаяқтамас үшін, әуелі шағын несиелендіру көлемін көбейту керектігі айтылды. Сапар барысында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының маңыздылығын түсіндірді.

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан" фракциясының мүшесі:

Шағын бизнесте жұмыс атқаратын адамдарды 7 мыңнан 14 мыңға дейін көбейтетін болып жатыр. Әр адамға, ұжымға 19 млн теңгеге дейін берілетін болып жатыр. Жалпы Елбасының осы 5 әлеуметтік бастамаларының бәрін Жамбыл жұртшылығы қолдап жатыр.