$447.94 €502.32 ₽5.52

Испанияның шығысында «Адам» дауылы жойқын су тасқынына ұласып, 4 адамның өмірін қиды

AstanaTV
22.10.2026ж. 19:00
Испанияның шығысында «Адам» дауылы жойқын су тасқынына ұласып, 4 адамның өмірін қиды

Енді шетел жаңалықтарына ойыссақ. Испанияда  «Адам» деп аталатын дауыл толассыз соғып, соңы  жойқын су тасқынына ұласты. Асау ағын өзендерді де арнасынан асырып, жолдағы көліктерді зақымдаған. Апат салдарынан 4 адам қаза тапты. Толығырақ әріптесім Аяулым Изатқызы баяндайды

Испанияның шығысында «Адам» дауылы жойқын су тасқынына ұласып, 4 адамның өмірін қиды. Толассыз жауған нөсерден өзендер арнасынан тасып, асау ағын көшедегі көліктерді бірінің үстіне бірін үйіп тастаған. Әсіресе Валенсия аймағындағы Олива қаласы қатты зардап шекті. Мұнда 24 сағаттың ішінде 1 шаршы метрге 600 литр жауын-шашын түскен. Билік 2100-ден астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріп, су қоршауында қалған 500-ге жуық адамды құтқарды. Апат аймағында 1300-ден астам құтқарушы, арнайы катерлер мен тікұшақтар жұмылдырылған. 

ХАВЬЕР ФОРНЕС, ТҰРҒЫН:

Ауылдың жағдайы өте мүшкіл, халық тағы да бар мүлкінен айырылды. 2007 жылы дәл осындай жағдай болған еді. Содан бері ештеңе өзгерген жоқ, әлі күнге дейін ешқандай шешім табылмады.

Тұрғындардың айтуынша, табиғи апаттың алдын алуға болар еді. Су тасқынының қайталануына өзен арналарының дер кезінде тазаланбауы себеп болды деп отыр.

ВИКИ ГОНСАЛЕС, ТҰРҒЫН:

Меніңше, басты мәселе - өзен арналарының тазаланбауында. Ауылдың іші таза болғанымен, сумен бірге аққан қамыс өсімдіктері жоғарыдан келіп жатыр. Егер өзен арналары тазаланбаса, не болатыны белгілі: қамыс көпірлерге тіреліп, су жолын бөгейді де, тасқын барлық жерді басып кетеді.

Қазір аймақта жауын бәсеңдеп, төтенше жағдай режимі алынғанымен, метеорологтар Каталония мен Балеар аралдарында әлі де қауіп жоғары екенін ескертеді. Ал синоптиктер мұндай жойқын ауа райы құбылыстарының жиілеуін жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр.