Концерт барысында халық әндері, күйлер, жыр-термелер орындалып, көпшілікке ұлттық билер ұсынылды, деп хабарлайды Astana TV.
Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары, белгілі өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов, күйші-зерттеуші Айтолқын Тоқтаған, «Қыздар» ансамблі мен «Шалқыма» би ансамблі болды.
Мерекелік концертте АҚШ-тан келген әуесқой музыкант Джефф көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ол домбырамен Құрманғазының әйгілі «Адай» күйін орындады. Музыканттың өнері кеш мазмұнын толықтырып, қазақтың күйіне шетелде де қызығушылық жоғары екенін көрсетті.
«Біздің жәрмеңке» дәстүрлі ән-күй, ұлттық би өнері мен қазіргі орындаушылардың шығармашылығын қамтыды. Кеш бағдарламасы ұлттық мәдени мұрамызды сақтап, оны кеңінен насихаттаудың маңызын айқындай түсті.