3 жылда кәмелетке толмаған 7 мың бала жаза басқан. Оның әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Бесіктен белі шықпастан темір торға тоғытылғандарды түрмеде қалай тәрбиелейді? Тілші Айсауле Съезбек тергеу изоляторына барып көрді.
3 жылда 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған. Тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебінде тұр. Тек жыл басынан бері буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен. Істі болғандар сотқа дейін тергеу изоляторында 2-ден 6 айға дейін жатады. Құзырлы органдар енді осы уақыт аралығында құқық бұзған балалардың мектеп бағдарламасынан қалмай, білім алуын қамтамасыз етпек. Алғашқы тәжірибе Астанадағы №64 мекемеде басталған.
САНАТ РАМАЗАНОВ, ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ КОМИТЕТІНІҢ № 64 МЕКЕМЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Біздің мекемеге келіп түскен жасөспірімдер негізінен есірткі мен ұрлыққа қатысты істі болғандар. Бұған дейін олардың барлығы оқшауланған камераларда ғана отыратын. Әдеби кітаптар оқығаны болмаса, мектеп бағдарламасы жүргізілмеген. Біз бұл бастама арқылы балалардың білім алу қажеттілігін қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз.
Тергеу мекемесіндегі білім беру процесіне қала мектептерінің ұстаздары тартылған. Мұғалім мен оқушылардың арасын темір тор бөліп тұрады. Сабақ 35-40 минут жүргізіледі. Негізінен математика, тілдер мен тарих секілді басты пәндер өтеді. Бағдарламаны білім басқармасы арнайы даярлаған.
АСЫЛ АМАНГЕЛДИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
Бұл алғаш рет жалпы Қазақстан бойынша. Мектеп жасындағы балалардың білім алуға құқығы бар. Тең құқылы қандай бала болмасын. Балалар негізгі білім, орта білім туралы аттестат алу керек. Сол мақсатта ұйымдастырылып отыр. №39 мектеппен осы мекеме арасында кесте құрылды. Ұстаздар келіп жатыр. Әрине, міндетті түрде қауіпсіздік сақталады.
Бұл жаңашылдық қылмыстық-атқару жүйесінің өзге де мекемелерінде жалғаспақ. Басты мақсат – буыны бекіместен қателікке бой алдырған балалардың білімнен қол үзіп қалмауын қамтамасыз ету. "Қайтсек саналы ұрпақ тәрбиелейміз" деп құрақ ұшқан құзырлылар соңғы 10 айда 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірімді прафилактикалық есепке қойған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарынан 2400 бала анықталды. Нәтижесінде балалар арасындағы қылмыс 7 % -ке азайған.