$451.05 €504.95 ₽5.6

Құрылтай депутаттары ауыл шаруашылығы саласының мәселелерін талқылады

AstanaTV
23.10.2026ж. 19:00
Құрылтай депутаттары ауыл шаруашылығы саласының мәселелерін талқылады

Құрылтай депутаттары Өскеменде өткен көшпелі отырыста азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, отандық өндірушілерді қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өңдеу көлемін арттыру жайын талқылады. Депутаттар бірнеше  кәсіпорынды аралаған. Отандық өнімнің импортпен бәсекеге қабілетті болуы үшін заманауи технология, қолжетімді несие және тұрақты өткізу нарығы қажет. Балық өндірушілер өнімдерін экспорттауға дайын. Бірақ ветеринариялық зертханалар қажетті халықаралық сертификаттарды бере алмай отыр. Бұл мәселені шешуге министрліктің көмегі керек. Сүт өндірушілер де сары май бағасына қатысты мәселе көтерді. Қазір отандық өнім Ресей мен Беларусь өнімдерінен қымбат саудаланады. 

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз бүгін тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарауды ұсындық. Оның мақсаты – қай шаралардың тиімді, ал қайсысының нәтижесі төмен екенін анықтау. Қаржы ресурстары шектеулі болуы мүмкін, бұл қалыпты жағдай. Сондықтан қаражатты тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдаудың ең тиімді шараларына бағыттау қажет.

Ауыл шаруашылығы өндірушілері саланы цифрландыру туралы да өз ойларын айтты. Мәселен, егін жинау кезінде алқап басында цифрлық жүк құжаттарын рәсімдеу мүмкін емес. Өйткені таразы жоқ, кей жерлерде тіпті интернет байланысы қолжетімсіз. Отандық тұқым мен асыл тұқымды ірі қараны сатып алу мәселесі де сөз болды. 


ВАДИМ БАСИН, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тұқым шаруашылықтарына қатысты мәселені осыдан екі апта бұрын комитет отырысында талқыладық. Бұл проблема бойынша депутаттық сауал да жолданды. Мәселе шешіледі деп ойлаймын. Қазір өз селекциямызды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Кейбір мәселелерді шешуге уақыт қажет. Алайда бұл үдеріс шексіз созылмауы керек. Агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыру үшін мәселелерді жедел шешу қажет.