Алматыда ғылыми әзірлемелерді, жасанды интеллектіні, көмекші және цифрлық технологияларды әлеуметтік қорғау мен оңалту саласында қолдану арқылы қызмет сапасын қалай арттыруға болатыны талқыланды, деп хабарлайды Astana TV.
Ғылыми зерттеулердің нәтижесін халыққа пайдасы тиетін нақты шешімдерге айналдыру мәселесі «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі инновациялар, ғылым және пәнаралық әріптестік: зерттеуден тәжірибеге дейін» атты халықаралық қатысуымен өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияның негізгі тақырыбына айналды.
Іс-шараны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ұйымдастырды.
Конференцияға жергілікті атқарушы органдардың, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, БҰҰ Даму бағдарламасы мен ЮНИСЕФ-тің өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен шетелдік сарапшылар қатысты.

⛶












ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бейнебайланыс арқылы конференцияға қатысып, ғылыми зерттеулерді азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған нақты шешімдерге айналдыру маңызды екенін атап өтті.
«Ғылым тек зерттеулер мен ғылыми жарияланымдар аясында қалып қоймауы керек. Оның әлеуметтік қорғау саласындағы басты құндылығы – ғылыми білімді адамдардың өмірін жақсартатын нақты шешімдерге айналдыру мүмкіндігі», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Қатысушылар заманауи зерттеулерді адамның жеке қажеттіліктерін бағалауға, оңалту құралдарын дұрыс таңдауға, балалар мен олардың отбасыларына үздіксіз қолдау көрсетуге, әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолдау жүйесінің тиімділігін арттыруға қалай қолдануға болатынын айтты.
Пленарлық отырыста әлеуметтік қорғау саласындағы халықаралық тәсілдер мен қазақстандық әзірлемелер таныстырылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері көмекші технологиялардың қолжетімділігін арттыру туралы, ал БҰҰ Даму бағдарламасының сарапшылары тұрақты әлеуметтік қолдау үлгілерін дамыту жөнінде баяндады. Сондай-ақ ұзақ мерзімді күтім көрсету саласында жасанды интеллект пен қолданбалы зерттеулерді пайдалану мүмкіндіктеріне жеке тоқталды.
Әлеуметтік қорғауды дамытуда ғылым, мемлекеттік ұйымдар мен тәжірибелі мамандардың өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері конференцияның шетелдік қатысушыларымен де талқыланды.
«Зерттеушілердің, мемлекеттік мекемелер өкілдерінің және тәжірибелі мамандардың басын қосу тәжірибе алмасуға әрі адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгерте алатын шешімдерді талқылауға мүмкіндік береді», – деді Астанадағы Канада халықаралық мектебі директорының орынбасары Аббас Хазаал.
Қазақстандық мамандар интеллектуалды медициналық құрылғылар мен әлеуметтік қорғау саласына арналған цифрлық шешімдерді таныстырды. Сондай-ақ заманауи технологиялардың көмегімен оңалту қызметтерін адамның нақты қажеттіліктеріне сай ұйымдастырып, қолжетімді ету мәселесі қарастырылды.
Конференция жұмысы төрт тақырыптық секцияда жалғасты. Онда дәлелдерге негізделген әлеуметтік саясат, әлеуметтік оңалту мен инклюзия, инновациялық техникалық құралдар мен көмекші технологияларды қолдану, сондай-ақ әлеуметтік сала мамандарының кәсіби дамуы мәселелері қаралды.
Оңалту саласындағы жаңа технологиялар мен практикалық шешімдерге басымдық берілді. Атап айтқанда, ортопедияда 3D-технологияларды қолдану, адамның жеке қажеттіліктеріне сай протездік-ортопедиялық бұйымдар әзірлеу, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған заманауи көмекші құралдарды пайдалану мәселелері көтерілді. Сонымен қатар кохлеарлық имплантациядан кейін балалардың есту және сөйлеу дағдыларын дамытуға арналған оңалту жұмыстары қарастырылды. Сарапшылар оңалту тиімділігін бағалау және медицина, әлеуметтік қорғау мен білім беру салаларының өзара байланысын күшейту мәселелеріне де тоқталды.
Конференцияның тағы бір бағыты әлеуметтік сала мамандарының кәсіби әлеуетін дамытуға арналды. Қатысушылар әлеуметтік қызметкерлерді даярлау, кәсіби біліктілікті тану, балалармен, отбасылармен және мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеуге қажетті дағдыларды қалыптастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және әртүрлі сала мамандарының өзара іс-қимылы мәселелері қаралды.
Іс-шараның практикалық бөлігі көрме алаңында жалғасты. Онда оңалтуға арналған техникалық құралдар, көмекші және цифрлық технологиялар, білім беру және әдістемелік әзірлемелер ұсынылды. Қатысушылар Ұлттық ғылыми орталық пен оның серіктес ұйымдарының әзірлемелерімен танысып, оларды сынақтан өткізу және әлеуметтік қорғау жүйесінде қолдану мүмкіндіктерін ортаға салды.
«Біздің міндетіміз зерттеу, әзірлемені сынақтан өткізу және оны әлеуметтік салада қолдану арасындағы байланысты қалыптастыру. Жаңа шешімдерді бағалау кезінде олардың адамның күнделікті өміріне қаншалықты көмектесетінін және мамандарға қаншалықты қолайлы екенін ескеру маңызды. Сондықтан біз ғылыми ұйымдар мен тәжірибелі мамандарды біріктіріп, технологиялардың мүмкіндіктерін ғана емес, оларды қолдану шарттарын да талқылаймыз», – деді Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының бас директоры Сырым Нәси.
Конференция қорытындысы бойынша төрт тақырыптық секцияның ұсыныстары әзірленді. Сонымен қатар 2027-2030 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы Алматы декларациясы талқыланып, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы мен серіктес ұйымдар арасында меморандумдарға қол қойылды.
Қол жеткізілген келісімдер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді, жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, қолданысқа енгізуді, кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуді және әлеуметтік көмек көрсетудің практикалық тетіктерін жетілдіруді көздейді.
Осылайша, конференция ғылымды, заманауи технологиялар мен тәжірибені бір алаңға біріктірді. Оның негізгі мақсаты әлеуметтік қорғау жүйесін заманауи талаптарға сай дамыту, көмекті нақты қажеттілікке қарай көрсету және оны әр адам үшін қолжетімді ету.