$451.05 €504.95 ₽5.6

Үш қарияны үйінің ауласына көміп, олардың зейнетақысын алып отырған

Үш қарияны үйінің ауласына көміп, олардың зейнетақысын алып отырған
istockphoto.com

Ресейдің Волгоград облысы Калачев ауданында тұратын 46 жастағы әйел қайтыс болған қамқорлығындағы адамдардың зейнетақы төлемдерін жымқырғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды  Astana TV turkystan.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, Анна Н. 2011 жылдан бастап психиатриялық стационарда емделген төрт қарт адамға бейресми түрде қамқорлық жасаған. Әйел олардың банк карталарын алып, зейнетақы төлемдерін өз бетінше шешіп отырған. Ақшаның бір бөлігін қарттарды күтіп-бағуға жұмсаса, негізгі бөлігін өзі иемденген.

2019 жылы үш зейнеткер қайтыс болған, ал төртіншісі тұрған жерінен кетіп, із-түзсіз жоғалып кеткен. Алайда әйел болған жағдай туралы полицияға да, Ресейдің Әлеуметтік қорының өңірлік бөлімшесіне де хабарламаған. Ол 2025 жылдың тамызына дейін зейнетақыларды заңсыз шешіп алып отырған.

Әйел қайтыс болған үш адамның денесін өз үйінің ауласына жасырын түрде көміп тастаған. Іс материалдарына сәйкес, оған бірге тұратын ер адам көмектескен. Алайда ол қайтыс болуына байланысты ер адамға қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

Сот отырысы кезінде айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдірген. Калачев аудандық соты оны алаяқтықтың бірнеше эпизоды бойынша кінәлі деп танып, жалпы режимдегі түзеу колониясында алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сотталған әйелден материалдық шығынды өтеу мақсатында Ресейдің Әлеуметтік қорының пайдасына 2 359 012 рубль өндіріп алу туралы шешім шығарылды.