25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Ұлттық мерекеге орай Астанада салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы 120-дан астам іс-шара жоспарланып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық турнирлер, мерекелік акциялар, жаңа нысандардың ашылуы және басқа да шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Astana TV Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Республика күніне орай елордада бірқатар жаңа нысан ашылады. Атап айтқанда, М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, ал Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» кешені жұмысын бастайды.
Сонымен қатар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты және №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін ашу жоспарланып отыр.
Ұлттық мерекеге орай Астанада мәдени-білім беру бағдарламасы да әзірленді. Оның аясында әдебиет пен өнер өкілдерімен кездесулер, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, белгілі бір тақырыптағы кештер, пікірсайыстар және басқа да іс-шаралар өтеді.
Сондай-ақ елорданың барлық алты ауданында мерекелік концерттер өтеді.
Атап айтқанда, 24 қазанда Пригородный, Отау, Өнеркәсіп, Бағыстан, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, «Қорғалжын», «Жағалау», «Ататүрік», «Айғыржал» және «Жастар» гүлзарларында, сондай-ақ қалалық алаңда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Республика күні – 25 қазан күні де мазмұнды бағдарлама жоспарланып отыр. Сағат 11:00-де Өнер музейі келушілерді «Рухты ел» атты лекция-концертке шақырады. Ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.
Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш өткізеді. Сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын сахналайды.
Осы уақытта Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.
Бұдан бөлек, 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балаларға Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.
Мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де бара алады. Жәрмеңке 24-25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді.
Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Сауда орындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер жаңа азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзінен тиімді бағамен сатып ала алады.
Республика күнін мерекелеу бағдарламасында кәсіби спортшыларды, жастарды және түрлі жастағы қала тұрғындарын біріктіретін спорттық жарыстарға да ерекше көңіл бөлінеді.
24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа арнайы билетпен кіруге болады.