$451.05 €504.95 ₽5.6

Месси «Испанияның Нобель сыйлығын» алды

Месси «Испанияның Нобель сыйлығын» алды
Фото: Getty images

Сегіз дүркін «Алтын доп» иегері спорттағы жетістіктері мен қайырымдылық қызметі үшін марапатталды, деп хабарлайды Astana TV.

«Интер Майами» клубы мен Аргентина ұлттық құрамасының капитаны, шабуылшы Лионель Месси 2026 жылғы спорт саласындағы Астурия ханшайымы сыйлығының лауреаты атанды. Сегіз дүркін «Алтын доп» иегеріне марапат Овьедо қаласында өткен салтанатты рәсімде табысталды.

Астурия ханшайымы сыйлығы – Испанияда берілетін халықаралық марапат. Ол жыл сайын ғылым, мәдениет, спорт, гуманитарлық және басқа да салаларда елеулі жетістікке жеткен адамдар мен ұйымдарға табысталады. Бұл марапатты жиі «Испанияның Нобель сыйлығы» деп атайды.

Мессидің спорттағы жетістіктерімен қатар, оның қайырымдылық қызметі де атап өтілді. Футболшы Месси қоры арқылы қайырымдылық жобаларын жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ ол ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі қызметін атқарады.

Бұған дейін Месси бұл марапаттың өзі үшін, әсіресе марқұм әкесі Хорхе үшін қаншалықты маңызды екенін айтқан.

Бұл марапат – адамның алаңда көрсеткен ойынына немесе кәсіби мансабында жеткен жетістіктеріне берілген бағадан әлдеқайда жоғары. Әкем бұл мойындауға шын жүректен қуанған еді. Сондықтан қазір оның да менімен бірге қуанып жатқанына сенімдімін, – деді аргентиналық футболшы.

Айта кетейік, Лионель Месси – «Алтын допты» сегіз рет иеленген, футбол тарихындағы ең көп марапат алған ойыншылардың бірі. Ол 2022 жылы әлем чемпионы атанып, Чемпиондар лигасын төрт рет жеңіп алған және Испанияның он дүркін чемпионы болған.