$451.05 €504.95 ₽5.6

Кассациялық шағымдардың 35,1%-ы қайтарылған: негізгі себептері қандай?

Кассациялық шағымдардың 35,1%-ы қайтарылған: негізгі себептері қандай?
Фото: zakon.kz

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сотқа биылғы жылдың тоғыз айында түскен 8 808 кассациялық шағымның 3 091-і өтініш берушілерге қайтарылған. Бұл жалпы шағымдардың 35,1%-ын құрайды. Шағымдардың кері қайтарылуына көбіне мемлекеттік бажды төлеу тәртібін бұзу, шағымдану рәсімін сақтамау және құжаттарды дұрыс рәсімдемеу себеп болған, деп хабарлайды Astana TV.

Кассациялық саты – заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін тексеруге арналған маңызды процестік кезең. Алайда кассациялық сотқа жүгінген кезде заңнамада белгіленген талаптардың сақталмауы шағымның мәні бойынша қаралуына кедергі келтіруі мүмкін.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соттың деректеріне сәйкес, қайтарылған шағымдардың ішінде мемлекеттік баж төлеу тәртібіне қатысты кемшіліктер басым. Осы себеппен 1 022 шағым кері қайтарылған. Оның ішінде мемлекеттік баждың төленбеуі немесе төлем деректемелерінің дұрыс көрсетілмеуі бар.

Тағы 943 шағым белгіленген тәртіптің сақталмауына байланысты қайтарылған. Бұл сот актілерін қайта қараудың процестік сатыларын сақтамау немесе шағым берген тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттардың болмауы сияқты жағдайларға қатысты.

Ал 677 шағым процестік заңнама талаптарына сәйкес келмеген. Атап айтқанда, шағымда міндетті деректемелердің көрсетілмеуі, заң талаптарына сай негіздемелердің болмауы немесе қажетті құжаттардың тіркелмеуі кері қайтаруға себеп болған.

Шағым қандай жағдайларда қайтарылады?

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 442-бабында кассациялық шағымды немесе прокурордың өтінішхатын қайтаруға негіз болатын жағдайлар көзделген.

Олардың қатарында шағымның нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптардың сақталмауы, сот актісіне дау айтуға процестік құқығы жоқ тұлғаның жүгінуі, шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы дәлелді уәждердің болмауы және белгіленген тәртіптің бұзылуы бар.

Сонымен қатар мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжаттың болмауы, шағымның кері қайтарылып алынуы немесе одан бас тартылуы, сондай-ақ сол қатысушының дәлелдері бойынша бұрын кассациялық сот қаулысының шығарылуы да заңда көзделген негіздерге жатады.

Шағымды қайтару тәртібі кемшіліктің сипатына байланысты ерекшеленеді. Мерзімді өткізуге, шағымнан бас тартуға немесе оны кері қайтарып алуға қатысты жағдайларда сот алқасы қаулы шығарады. Ал формальды және техникалық кемшіліктер анықталған кезде шағым судьяның хаты арқылы бес жұмыс күні ішінде қайтарылуы мүмкін.

Бұл ретте анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін шағымды заңнамада белгіленген тәртіппен қайта беруге болады.

Шағымның қайтарылуына жол бермеу үшін не істеу керек?

Кассациялық шағымды жолдамас бұрын оның заңнама талаптарына сәйкестігін мұқият тексерген жөн.

Ең алдымен, мемлекеттік бажды төлеу кезінде соттың ресми деректемелерін және төлем мақсатын дұрыс көрсету қажет. Сондай-ақ төлем жасалғанын растайтын құжатты шағымға тіркеу маңызды.

Егер шағымды өкіл берсе, оның тиісті өкілеттігін растайтын құжаттар толық болуы керек. Адвокаттың немесе заң консультантының мәртебесін растайтын құжаттар да заңнама талаптарына сәйкес ұсынылуы қажет.

Бұдан бөлек, сот актісіне шағымдану тәртібі мен мерзімдерін алдын ала анықтап алған жөн. Егер мерзім өткізіліп алынса, оны қалпына келтіру туралы өтінішхат беріп, мерзімді өткізіп алу себептерін дәлелді түрде негіздеу қажет.

Шағымның мазмұнына да ерекше назар аударған жөн. Онда заңда көзделген міндетті мәліметтер көрсетіліп, талаптар тиісті құқықтық нормаларға сүйене отырып негізделуі және қажетті қосымша құжаттар толық тіркелуі керек.

Кассациялық сот қандай алдын алу шараларын қолға алды?

Процеске қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қайтарылатын шағымдар санын азайту мақсатында Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Соттың ресми интернет-ресурсында, әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында кассациялық өндірістің ерекшеліктері мен шағым беру тәртібіне қатысты құқықтық түсіндірмелер жарияланады.

Сонымен қатар процестік талаптарды сақтауға көмектесетін цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, «Сот кабинеті» сервисінде шағым беру кезінде пайдаланушыларға қажетті процестік талаптарды еске салатын интерактивті жадынама әзірленген. Қазіргі уақытта бұл функция Сот әкімшілігі тарапынан өндірістік енгізу кезеңінен өтуде.

Кассациялық сотқа жүгінген кезде процестік талаптарды сақтау шағымның уақтылы қаралуына ықпал етеді. Сондықтан құжаттарды дұрыс рәсімдеу, мемлекеттік бажды тиісті тәртіппен төлеу және шағымдану мерзімдерін қадағалау – азаматтар мен олардың өкілдері назар аударуы тиіс негізгі талаптар.