Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қарағанды облысында 170-тен астам елді мекенге судан қауіп бар

AstanaTV
06.04.2018ж. 20:00
2830
Қарағанды облысында 170-тен астам елді мекенге судан қауіп бар

Қарағанды облысында көктемгі су тасқынына дайындық күшейді. Сел басу қаупі бар жүз жетпістен астам елді мекен бақылауға алынған. Төтенше жағдай қызметкерлері өзендер мен суқоймаларға жақын ауылдарды тікұшақпен шолып, қауіпті ошақтарды анықтады.  Құтқарушылар әсіресе Нұра ауданын жіті бақылауда ұстап отырғанын айтты. Мұнда өзенге жақын тұрған бірнеше ондаған ауыл бар. Биыл елді мекендер құм толтырылған бөгеттермен қоршалған. Моторлы қайықтар да дайын тұр дейді мамандар. Ал, Нығман ауылынан жүкті әйелдер мен науқастар шығарылған. Тұрғындар азық-түлік, дәрі- дәрмекпен қамтамасыз етілуде. Облыста 34 елді мекенді судан қорғау үшін, ұзындығы 53 шақырымдай бөгет салынған. Құтқарушылардың сөзінше, дайындық шаралары арқасында ауылдарға су кіре қоймаған.

Ибрагим Күлшімбаев, Қарағанды облыстық ТЖД бастығы:

174 елді мекенді есептегенбіз, алдыңғы жылғыларды есептегенде. Бірақ сол, мен айтып отырмын ғой, биылғы жылғы динамика бір қалыпты, судың жүруі жоқ. Бірақ қатты бақылауда Нұра ауданы қалып отыр. Ол енді өзеннің бойы, өзен әлі мұзда тұр. Ол өзен еріп, мұз жарылғанша, ол бақылауда болады.

Еске салсақ,  2015-2017 жылдары аймақта  400-ден астам үйді су басып, халыққа миллиардтаған шығын әкелген еді. Әсіресе, Бұқар жырау ауданының Ғабиден Мұстафин, Садовое, Чкалов ауылдары көп зардап шекті. Бұл ауылдар Нұра өзені бойындағы Самарқан су қоймасының іргесінде орналасқан. Құтқарушылар осы аптаның соңына дейін Қарқаралы, Шет аудандарын да тікұшақпен бақылауды жоспарлап отыр.