Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Көкжиек» шағын ауданындағы өрттен зардап шеккендер көмексіз қалмайды - Алматы әкімдігі

AstanaTV
06.04.2018ж. 20:00
5563
«Көкжиек» шағын ауданындағы өрттен зардап шеккендер көмексіз қалмайды - Алматы әкімдігі

Алматыдағы «Көкжиек» шағын ауданында өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі. Жергілікті билік өкілдері осылай деп мәлімдеді. Көпқабатты тұрғын үйдегі 19 пәтер отқа оранып, тең жартысы түгел жанып кеткен еді. Ондаған баспана иелерінің жеке мүліктеріне су тиіп, материалдық шығын келген. Ұшқынның неден шыққаны белгісіз, сарапшылар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Ришат Асқарбекұлы әңгімелейді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші: 

«Көкжиек» шағын ауданы осыдан 10 жыл бұрын пайда болды. Тұрғындар мұнда үйлердің сапасыз салынғанына ылғи шағымданатын. Кеше 96 пәтерлі екі үй өрт құрсауында қалды. Көзіне жас үйірілген тұрғындар бүгін ыс тұтқан пәтерлері мен күлге айналған дүние мүлкін көруге келді. Құзырлы органдар адамдарға аман қалған заттары мен құжаттарын алуға бүгін рұқсат берген.

Қарлығаш Көшеғұлова, тұрғын: 

Өрт тез болды, көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, ұлым магазинде ауырып ұйықтап жатыр еді, оны тұр деп, тез оятып шығарып үлгердім.

Ләззат Батырхан, тұрғын: 

Мына бірінші этаждан шыққан өрт бес минутта алтыншы этажға бірақ шықты. Менің пәтерім мына 32-ші үйдің ең шетіндегі пәтер. Маған өрт тез жетті. Сонда бұл сапасыз, жұқа-жұқа ағаштарды қоя салған ғой, бір сөзбен айтқанда. Жилсторойбанкке не үшін ақша төлеймін, енді ағаштан салынған үй болса.

Тұрғандар кеше туыстарының үйіне қонып шығыпты. Өрттен аман қалған пәтерлер үй толық жөнделгенше, электр энергиясы, газ және судан ажыратылған. Қазір мамандар шығындарды есептеп жатыр. Мұндағы адамдардың көбі баспанасын банк арқылы несиеге алған. Сондықтан пәтерлер сақтандырылса, өтемақы берілуі мүмкін. Ал әкімдік өрттен зардап шеккен 19 пәтердің иелеріне 270 мың теңгеден көмек берілетінін хабарлады.

Санжар Тоғай, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары:

Ең бастысы мына 6 этаждағы пәтерлерде 9 пәтер өртенген. Енді қазір әкімнің тасырмасы бар, көмек көрсетіледі. Ең алдымен мына крышаларын жөндейміз. Кейін бизнесмендер бар, қаражаттың бөлінгеніне орай қандай да бір көмек көрсетеміз. Ешкім көмексіз қалмайды.

Тұрғындардың айтуынша, өртке оранған 6 қабат мансард есебінде арзан бағаға саудаланған. Демек ол сапасыз құрылыс материалдарынан салынуы мүмүкін. Сондықтан бәрі отқа оранған. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Билік өкілдері бүгіннен бастап, үйдің шатырын ауыстыруға кіріскен. Себебі ертеңнен бастап Алматыда қатты нөсер күтіліп отыр. Ал Алматы әкімі тиісті мекемелерге қысқы мерзім ішінде үйді қалпына келтіруге тапсырма берген.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ