Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлда ет өнімдерін заңсыз өндіретін цех анықталды. Заңсыз кәсіпті ұйымдастырған 41 жастағы қала тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Astana TV.
Polisia.kz мәліметінше, облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратты тексеру барысында Жамбыл көшесінде орналасқан заңсыз өндіріс орнын анықтаған.
Кәсіп иесінің айтуынша, ол үйрек етін сатып алып, өңдегеннен кейін дайын өнімді қала базарларында сатқан.
Заңсыз кәсіпкерлік қызмет үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, ветеринариялық инспекция мамандары ветеринариялық нормаларды бұзғаны үшін оған қатысты тиісті шара қолданды.
Ал өндіріс жағдайларының санитариялық талаптарға сәйкестігін бағалау санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің құзыретіне жатады.
Полиция тұрғындарды азық-түлік сатып алғанда мұқият болуға, өнімнің сапасы мен шығу тегін растайтын құжаттарды тексеруге шақырды.