$453.71 €505.8 ₽5.63

Түркі әлемін байланыстыруда Транскаспий көлік бағытының орны ерекше - Мемлекет басшысы

Түркі әлемін байланыстыруда Транскаспий көлік бағытының орны ерекше - Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артқан

Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті тереңдету басым міндеттің бірі деп санайды

– Түркі әлемін өзара байланыстыру ісінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының алатын орны ерекше. Биылғы 9 айда Орта дәліз арқылы тасымалданған жүктің көлемі 30 пайызға артты. Соның ішінде транзиттік тасымал көлемі 90 пайызға өсті. Ал Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен теміржол арқылы жүк тасымалы 10 пайызға ұлғайып, 40 миллион тоннаға жақындады. Автокөлікпен тасымалданған жүк көлемі де 20 пайызға көбейіп, 6,5 миллион тоннаға жетті. Осы орайда, біз Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыра түсу үшін елімізде басымдық ретінде арнайы бағдарламаны жүзеге асыратын болдық. Жалпы, еліміз үшін Орта дәліз бойындағы логистика инфрақұрылымын және теңіз порттарын жаңғырту жұмысының маңыздылығы өзгермейді. Алайда басқа көлік-логистика бағдарлары, яғни, Солтүстік-Оңтүстік дәлізі, «Бір белдеу, бір жол» жобасы және өзге де жолдар Қазақстан үшін өте пайдалы әрі тиімді болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі күннің талабы.
 

– Елдеріміз жаппай цифрландыру мәселесімен белсенді түрде айналысып жатыр. Қазақстан цифрлық ел болуды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта ауқымды жұмыс істелуде. Биыл елімізде – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы құрылды. Жасанды интеллект саласына қажетті мамандар даярлайтын Qazaq AI Research университеті ашылды. Қуаттылығы 1 ГигаВатт болатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы құрылып жатыр. Екі суперкомпьютер іске қосылды. Таяу арада үшінші өте қуатты суперкомпьютер өз жұмысын бастайды. Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылданды. Қажет болса, осы тәжірибемізді бауырлас елдермен бөлісуге дайынбыз. Өздеріңізге жақсы белгілі, биыл мамыр айында Түркістанда өткен басқосуда жасанды интеллект және цифрлық даму мәселесін талқыладық. Қазір сол жиында көтерілген бірқатар маңызды бастаманы жүзеге асырып жатырмыз. Бұдан бөлек, жақында Қазақстан мен Әзербайжан арасында Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі іске қосылды. Осы бірегей жобаның игілігін түркі мемлекеттері де көре алады. Бұдан бөлек, әлі де жедел атқарылуға тиіс жұмыстар аз емес. Атап айтқанда, Киберқауіпсіздік кеңесін, Цифрлық мониторинг және инновациялар орталықтарын құру бастамасын жүзеге асыруды тездеткен жөн. Бұл жобалар елдеріміздің цифрлық саладағы ынтымақтастығын нығайта түсетіні сөзсіз, – деді Президент.