Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Диірменшілер тығырыққа тірелді. Экспорт алаңы тарылып барады.

AstanaTV
07.04.2018ж. 20:00
2947
Диірменшілер тығырыққа тірелді. Экспорт алаңы тарылып барады.

Қазақстан астық өңдеушілері мен нан пісірушілері одағының президенті Евгений Ган біздің арнаға берген сұхбатында ұн өндіру азайып тиісінше, диірмендер /тіпті нақты сан да айтады – 30 диірмен деп/, жабылатынын хабарлады. Бірнеше себептің бірі – біздің ұн елеушілерді құтқарып отырған Ауғанстан нарығын Өзбекстан «жаулап» алмақ. Диірменшілердің күйетіні, Өзбекстан ұнды бізден алған бидайдан өңдеп экспорттап отыр. Маман, осы нарыққа біздің диірменшілер апаратын биылғы өнім көлемі 2 млн тоннаға дейін түсетінін болжайды. Баға да мәз емес – 2011 жылы 350 доллар болса, қазір 180-200 доллар... Басты проблема – экспорт саясаты жоқ. Осы мәселеге байланысты астықты аймақтардан Абзал Құрманкиннің репортажы. «Шикізат елі» деген таңбадан құтылу қиын екен» деп айдар таққан.

2000 жылы құрылған «СевЕсілЗерно» серіктестігі Солтүстік Қазақстанда бидай өңдеу саласындағы алпауыттардың бірі. Алайда 18 жыл бойы тасы тек өрге домалаған кәсіпорын бүгінде қаңырап бос тұр. Күніне 300 тонна ұн өндірген 90 жұмысшы қазір ақысыз демалысқа кеткен. Өнімге сұраныс жоқ. Міне, гәп осында жатыр. Қазір еліміздегі ұн эскпорты тоқырап қалды. Мәселен, астықты өлкенің диірмендері бірнеше жыл бұрын 5 бірдей елді ұнмен қамтып отырған: Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан мен Ауғанстанды. Бүгінде аталған нарықтардың барлығы жабылып, тек ауған елі ғана қалған. Отандық тауарөндірушілер соның өзінен қағылғалы тұр.

Таисия Колегова, «СевЕсілЗерно» ЖШС коммерциялық директоры:

Ауғанстан ұнды 170 доллардан алуға дайын. Бірақ өнімнің өзіндік құны мен жол шығынын қосқанда, 210 долларға шығып тұр. Бізде бидай қымбат. Алып-сатарлар бидайдың құнын 41 мың теңгеге дейін көтеріп жіберген. Ал көрші Ресейде оның бағасы не бары 28 мың теңге. Шикізат қымбат болған соң, дайын өнімнің де бағасы еселене түседі.

Теріскейде 20 шақты диірмен бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, қазір оның 70 пайызы тұралап қалды. Себебі кәсіпорындардың басым бөлігі экспортқа бағытталған. Қазақстанның ұн экспортын өзбек тарабы тежеп отыр, дейді отандық бизнесмендер. Көрші елде қазір бидай өңдеу саласы қарқынды дамып келеді. Өзбек компаниялары шикізат импортын ұлғайтып, Қазақстанның астық өңдеушілерін қыспаққа алған көрінеді.

Мәрзия Шаханова, «ДЭЗ» ЖШС өкілі:

2012 жылы Қазақстан Өзбекстанға бидайдың 658 мың тоннасын экспорттады. Бүгінде олар 1 млн 680 мың тонна бидай алып жатыр. Шетел асатын біздің тауар қымбат болу үшін, олар транзиттің құнын қымбаттатып жіберді. Осының кесірінен Өзбекстанның ұны бізге қарағанда 22 долларға арзан.

Бүгінде халықаралық аренада Ауғанстан нарығы үшін күрес басталды. Демпингтің арқасында көрші елдің компаниялары ұнның бағасын 170 долларға дейін түсірген. Ал отандық тауарөндірушілер соңғы тұтынушысынан айырылып қалмау үшін тіпті шығынға батып жұмыс істеуге мәжбүр. Мәселен, айына шамамен 12 мың тонна ұн тартатын қостанайлық «Асалия» серістегі өнімнің 99 пайызын Ауғанстанға жөнелтіп отырады. Диірменшілерді күйіндіретіні, Өзбекстан бізден алған бидайды өңдеп, ұн экспорттайды және біздің диірменшілерді соңғы дерлік нарықтан ығыстырып барады.

Дулат Шаяхметов, «Асалия»ЖШС бас директоры:

Өзбекстан жолда тұр. Олар бидайды бізден алып жатыр. Сол бидайдан ұн шығарады. Жол шығыны 20-25 доллар төмен бізге қарағанда. Сол зияны сол.

Елімізде бидай өңдеу саласына мемлекеттен қолдау жоқ. Амалы қалмаған отандық тауар өндірушілер бәсекеге қабілетті болу үшін үкіметтен жол шығынын субсидиялауды сұрап отыр.

Светлана Вилкова, «Қара яз» ЖШС өкілі:

Ұнды шетел асыру үшін көлік шығыны шамамен 33 долларға тартады. Үкімет соның жартысын өз мойнына алса, біз Өзбекстан мен Тәжікстанға бәсекелес болып, Ауғанстан нарығы үшін күресуге мүмкіндік туар еді.

Қазақстан 2007 мен 2010 жылдар аралығында ұн экспорты бойынша Түркия мен Еуропа елдерін артта қалдырып, әлемде бірінші орында тұрақтады. Бүгінде елімізде ұн тартатын 250 кәсіпорын бар. Олардың жалпы қуаттылығы 9 млн тонна. Алайда, диірмендер өз әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Себебі, өнімді шетел асыру көрсеткіші жыл сайын бәсеңдеп келеді. Былтыр отандық диірмендер 4 млн тонна ұн тартып, оның 2,3 миллионын шетелге жөнелткен. Өнімнің басым бөлігін Ауғанстан сатып алған. Өзбекстанға 600 мың тонна экспортталса, Тәжікстан мен Қырғызстанның сұранысы 50 мыңнан әзер дегенде асты.

Қазақстан астық өңдеушілер одағының төрағасы Евгений Ганның айтуынша, ұн экспортының кему үрдісі тоқтамақ емес. Орта Азия елдеріне тіреліп қалмай, шалғайдағы өзге нарықтарды да бағындырған жөн. Бірақ логистика мәселесімен жүйелі түрде айналысатын орган жоқ, өкінішке қарай.

Евгений Ган, Қазақстан астық өңдеушілері мен нан пісірушілері одағының президенті:

Орталық Азия елдері біздің бидайға басымдық беріп, бірақ ұнға баж салығын аспандатып қойды. Сәйкесінше біздің ел қарсы амал қолдану керек. Оларға бидайды басқа елден сатып алу тиімсіз. Жалпы, экспорт мәселесімен бөлек бір құрылым айналысуы тиіс. Жеке тиісті министрліктер бұл мәселені терең зерттемейді.

Проблемаға биліктің араласа бастағанын айту керек. Өткен айдың ортасында Өзбекстанмен үкіметаралық кеңес комиссиясының отырысында көрші мемлекеттің біздің ұнға салатын акциздік салығы алынып тасталды. Осыған дейін Өзбекстанның акциз салығы 15 пайыз болатын.

Гүлнәр Бекжігітова, ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу басқармасының басшысы:

Теміржол шығынын төмендету мәселесі қарастырылып, оны 20 пайызға дейін Келес-Галава учаскелерінде төмендету келісілген. Өз елімізде министрлік тарапынан ұн өндірушілердің айналым қаражатын толықтыру мақсатында олардың алған кредиттерінің ставкалары субсидияланады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Министрлік меңзеген тығырықтан шығар жолдар тек жанама түрде септеспек. Ал басты проблема – Ауғанстан нарығындағы берік позициядан айырылмау мәселесі әлі шешілмесе керек. Бұл жұмыс  дереу қолға алынбаса, тұншыға бастаған астық өңдеу саласы жақын арада мүлде тоқырауы мүмкін. Жыл сайын ондаған кәсіпорын жабылып, мыңдаған маманның далада қалуы әп-сәтте. Жалпы, «шикізат елі» деген сипаттамадан құтылуымыз өте қиын екен. Өңделген тауар шығарып келеміз де тұралатып аламыз... 

А.Құрманкин, З.Санай, Ә.Өнербаев «Біздің Уақыт».