$453.87 €508.33 ₽5.65

Енді коммуналдық төлем мен билет сатып алуды жасанды интеллект атқара алады

Енді коммуналдық төлем мен билет сатып алуды жасанды интеллект атқара алады
Фото: ЖИ

Қазақстандықтар жақын арада коммуналдық қызмет ақысын төлеу, азық-түлік сатып алу және ұшақ билетін рәсімдеу сияқты күнделікті қаржылық операцияларды жасанды интеллектке тапсыра алады, деп хабарлайды Astana TV. 

«Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, цифрлық көмекшіге белгілі бір сомамен шектелген төлемдерді орындауға рұқсат беруге болады. Мәселен, коммуналдық қызмет ақысын төлеу, несие жарнасын аудару немесе белгіленген баға шегінде билет сатып алу сияқты тапсырмаларды орындай алады. Мұндай операциялардың сомасы шамамен 50-60 мың теңге болуы мүмкін.

Алайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов жасанды интеллектке берілетін тапсырма нақты әрі түсінікті болуы керегін ескертті. Сондай-ақ шығынның шекті мөлшері мен операцияны тоқтату мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.

«Жақсы қонақүй тауып бер» деген тапсырма «Өзіңе ұнаған қонақүйдің ақысын төле» дегенді білдірмейді. Сол үшін шығынның шекті сомасы мен тапсырманы тоқтату тетігі болуы қажет», – деді ол.

Оның айтуынша, жасанды интеллектке жеке төлем жүйесін ашудың қажеті жоқ. Ол қолданыстағы банк шоттары мен карталарын пайдалана алады.

Бұл технологияны алдымен шағын компаниялар белсенді қолдануы мүмкін. Кәсіпкерлер цифрлық көмекші арқылы алдын ала келісілген төлемдерді жүргізіп, тауар сатып алып, ақылы сервистердің жазылымын ұзарта алады. Бұл қызметкерлердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.