Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Алматы облысында жаңа ауданды дамытуға қаражат бөлінді

AstanaTV
09.04.2018ж. 20:00
4495
Алматы облысында жаңа ауданды дамытуға қаражат бөлінді

Алматы облысының ең шалғай елді мекендердің бірі Райымбек ауданын дамытуға бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат аудан орталығы Нарынқолдағы инфрақұрылымды қалпына келтіруге жұмсамақ. Ал әкімшілік-әлеуметтік нысандардың құрылысына қосымша қаржы қаралады. Алдағы үш айда аймақты дамытудың нақты жоспары бекітіледі. Кеңес заманында ауыл шаруашылық өнімдерімен аты шыққан Нарынқол өңірі «картоп өсіруді» қайтадан қолға алмақшы.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Араға 21 жыл салып қайтадан аудан мәртебесін алған Нарынқол 31 наурыздан бастап Райымбек ауданы деп аталады. Өңір дамудың даңғыл жолына түсті деп сеніммен айтуға болады. Ауданды бөлудегі негізгі мақсат - шекара шебін нығайту, мұннан үдере көшкен халықтың тұрмысын түзету.

Аудандағы басты проблема - жұмыссыздық. Күйі қашқан халықтың басым бөлігі 90 жылдардың соңына қарай 300 шақырым жердегі Алматыға жаппай көшкен. Ресми дерек бойынша, ол кезде Нарынқол ауылында 16 мыңдай тұрғын болса, қазір 5 мыңға жетпейтін халық тұрады. Олар әлеуметтік мекеме мамандары, егде адамдар мен мектеп оқушылары.

Тоқан Достарбеков, ауыл тұрғыны:

Аудан орталығы келіп жатыр.  Өздеріңіз де естіп жүрген шығарсыздар, ауыл бос қалды. Үйлер босап қалды. 

Күлән Сәткенова, ауыл тұрғыны:

Қаражат жағы да жоқ болды. Жұмыс жоқ болды жастарға, осында кішкенемізден туып өстік. Жұмыс жағы қиын болды.

Жаңа аудан мәртебесін алған өңірдің халқымен кездескен облыс әкімі тұрғындардың тұрмысын оңалтуға барлық мүмкіндіктер бар деді. Жаңа ғимараттар, жолдар және, ең бастысы, жұмыс орындары ашылады. Өңір басшысы көшелерді жаяу аралап, құрылыс алаңдарын өз көзімен көріп шықты. 

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Құқық органдары, дәрігерлер, мұғалмдер керек. Бұрынан тұрған үйлер, тастап кеткен үйлер. Олардың иелері бар ма, жоқ па?! Оларды жөндеуге бола ма? Көреміз. Оларды да пайдаланамыз.

Аймақты қайта түрлендіру үшін ауыл шаруашылығына мән берілмек. Кеңес уақытында картоппен аты шыққан Нарынқолға биыл 200 млн теңгеге жаңа тұқым сатып алынады. Ауылдық жерлерді қосқанда өңірде 110 мың гектар жерге болашақта көкөніс егіледі. Бұл Алматыға өзге облыстардан келетін картоп тәуелділігін жояды. 

Серік Шалов, Алматы облысы Қайнар ауылының әкімі:

Қаңырап бос жатқан жерлерді реттеу. Сол жерге бұрынғы егістігі, шабысы бар, суармалы жерлерді анықтап, өз мақсатында пайдаланымыз, соның бірі - астық егу.

Мынадай қираған ғимараттар қайта қалпына келтіріліп, кейбірі сүрілмек. Ол үшін аудан әкімі жақын күндері жобалаушы мекемелермен бірігіп, құрылыстың нақты жоспарларын ұсынады. Жаңа ауданға Алматы облысының дамыған аудандары да көмек көрсетеді. Олар ойын алаңдары мен спорт залдарын салу және көріктендіру жұмыстарына ат салыспақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ