$453.64 €508.17 ₽5.59

Құрылтай депутаттары Президент Жолдауындағы энергетиканы дамыту міндеттерін іске асыру мәселесін талқылады

Құрылтай депутаттары Президент Жолдауындағы энергетиканы дамыту міндеттерін іске асыру мәселесін талқылады
Фото: ҚР Құрылтайы

Қазақстанда 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа энергетикалық қуат іске қосылады

Мәжіліс депутаттары Президент Жолдауында белгіленген энергетика саласын дамыту міндеттерін талқылап, атом электр станцияларын салу, жаңа қуат көздерін іске қосу және электр желілерін жаңғырту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Astana TV.

Президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген энергетиканы дамыту міндеттері Құрылтайдың Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Наталья Годунованың төрағалығымен өткен жиынға Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева, депутаттар, мемлекеттік органдар мен энергетикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Дания Еспаева энергетикалық ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету елдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық дербестігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, жасанды интеллект жүйелері мен деректерді өңдеу орталықтарының жұмыс істеуі үшін электр энергиясының жеткілікті көлемі қажет. Вице-спикер Президент Жолдауында 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру қуаттарының тұрақты профицитін қалыптастыру, Балқаш және Мойынқұм атом электр станцияларын салу жобаларын жеделдету, сондай-ақ отандық мамандарды даярлау мен технологиялар трансфертіне қатысты міндеттер қойылғанын еске салды.

Комитет төрағасы Наталья Годунова жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен электр беру желілерін жаңғырту қажеттігіне тоқталды. Ол энергетикалық инфрақұрылымды дамыту ұзақ мерзімді экономикалық өсім мен цифрлық экономиканың қалыптасуы үшін маңызды екенін айтты.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәліметінше, Қазақстанның энергетикалық жүйесінде қазір 254 энергия көзі жұмыс істейді. Оның 172-сі – жаңартылатын энергия көздері нысандары. Елдегі энергия көздерінің жалпы белгіленген қуаты 27,1 ГВт-қа жеткен.

2029 жылдың соңына дейін тағы 13,3 ГВт жаңа қуат іске қосу жоспарланып отыр. Бұл электр энергиясына деген болжамды сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, генерациялайтын қуаттардың 20 пайыздық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасы мен ядролық отын цикліне қажетті шикізатты қамтамасыз ету үшін уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру көзделіп отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, «Балқаш» атом электр станциясы жобасы бойынша инженерлік-іздестіру жұмыстары аяқталуға жақын. Қажетті халықаралық келісімдерге қол қойылған, ал құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. «Мойынқұм» АЭС-ін салу аумағы да анықталған. Қазір жобаға қатысты үкіметаралық құжаттар әзірленіп жатыр.

Жиында энергетикалық компаниялардың басшылары да саланың даму жоспарларын таныстырды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов уран өнеркәсібі мен ядролық отын циклін дамыту мәселелерін баяндады.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Ернат Бердіғұлов атом электр станцияларын салу жобаларының қазіргі кезеңі туралы ақпарат берді. Ал «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Ансар Айдаров жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосу жоспарларына тоқталды.

«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесін дамыту мәселелерін көтерді.

Құрылтай депутаты Бекжан Әлімқұлов энергетика саласындағы басымдықтарды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Қазір Құрылтайдың қарауында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға, сондай-ақ баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған екі заң жобасы бар. Депутаттың пікірінше, бұл бағыттар өзара тығыз байланысты. Энергияны үнемдеу қолда бар ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берсе, баламалы энергетиканы дамыту энергиямен жабдықтау көздерін кеңейтіп, жүйенің тұрақтылығын арттырады.

Талқылау кезінде депутаттар энергетикалық жүйені теңгерімдеу, атом энергетикасында шағын модульдік реакторларды пайдалану және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізу мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Сонымен қатар Шахтинск қаласын қоса алғанда, шағын өнеркәсіптік қалалардағы жылу электр орталықтарының қуатын кеңейту қажеттігі сөз болды.

Отырысты қорытындылаған Наталья Годунова жоспарланған жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы басты міндет екенін айтты. Оның сөзінше, әрбір жоба бойынша нақты мерзімдер, қаржыландыру көздері мен жауапты тұлғалар белгіленуі керек.

Комитет төрағасы ықтимал кідірістерді дер кезінде анықтап, олардың себептерін жоюға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ заңнамалық кедергілерді жою, қажетті нормативтік актілерді қабылдау және жаңа заң нормаларының іс жүзінде қолданылуын қамтамасыз ету маңызды екенін жеткізді. Годунованың айтуынша, комитет осы міндеттердің орындалуын бақылауда ұстайды. Энергетика саласындағы жоспарлардың түпкі мақсаты – елді сенімді электр қуатымен қамтамасыз ету, жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыс орындарын құру.