Заң жобасы ветеринария саласындағы қызмет субъектілерінің жауапкершілігін де күшейтеді, деп хабарлайды Astana TV.
Атап айтқанда, мал шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын өз қаражаты есебінен бірдейлендіруге, сондай-ақ штатында ветеринар дәрігер ұстауға немесе маманды жұмысқа тартуға міндеттеледі.
Бұдан бөлек, жануарларды сату және сою, оларды бірдейлендіру құралдарының жоғалуы немесе бүлінуі туралы белгіленген мерзімде хабарлау талаптары енгізіледі. Сондай-ақ карантиннен өткен жануарларды бөлек ұстау және ветеринариялық құжаттарды жануарлар межелі жерге жеткен соң есептен шығару тәртібі нақтыланады.
Сатуға немесе қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға арналған жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа, сондай-ақ ветеринариялық препараттар мен жемшөпке міндетті таңбалау талабы енгізіледі.
Заң жобасындағы тағы бір маңызды жаңалық – Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес ветеринариялық препараттардың айналымын бақылайтын фармацевтикалық инспекция құру.
Жаңа инспекция ветеринариялық препараттардың қауіпсіздігіне фармакологиялық қадағалау жүргізіп, оларды өндіретін кәсіпорындарға тиісті сәйкестік сертификатын беретін болады.