Алматыда автобус саны күрт азайды. Автопарктерге қала әкімдігі 15 млрд теңге қарыз көрінеді. Сол себептен жоспарланған қоғамдық көліктердің шамамен 70 пайызын ғана желіге шығарған. Берешек өтелмесе, онан сайын азаюы мүмкін.
ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:
Кун суытты, қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Ал қалада онсыз да жұрт автобусты аялдамада ұзақ күтіп, келсе, кейде сыймай қалатын кез көп. Енді автобус тіпті азаюы мүмкін. Түйінді түйткіл онан сайын күрделенбек.
БЛИЦ:
- 40минут 50 минут күтеміз бір аялдамада. Автобусқа кірген кезде балалар құлап қалайын дейді, тіреліп тұрады былай недеген сұмдық.
- Осы соңғы күндері қоғамдық көліктің қысқарғаны байқалады, сезіледі. Автобустарда адам лық толы.
- Онсызда автобустарға сыймай жатырмыз, ұзақ күтеміз. Автобустар аз.
Жеке тасымалдаушы компаниялардың субсидия төлемдерінің кешігуінен жанармай, қосалқы бөлшектерді жеткізушілер алдында қарызы көбейген. Берешек өтелмесе олар автобус санын қысқартатынын ескертті. Бұл туралы олар әкімдікке хат жолдаған.
ЖОЛАУШЫ ТАСЫМАЛДАУ КОМПАНИЯЛАРЫ:
Қазіргі уақытта тасымалдаушылардың жолаушылар тасымалын бұрынғыдай қамтамасыз етуге қаржылық мүмкіндіктері айтарлықтай шектелген. Халыққа көрсетілетін көлік қызметінің қысқаруына жол бермеу мақсатында субсидиялар бойынша қалыптасқан берешекті толық өтеу және алдағы уақытта қаражаттың уақтылы аударылуын қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауыңызды сұраймыз.
Ал жауапты басқарма субсидияның қалған сомасын төлеуден бас тартпайтынын жеткізді. Мәселе қалалық бюджетті кезекті нақтылау кезінде қаралмақ.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫ:
Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігі ұйымдастыру басқармасы тасымалдаушыларға төленуге тиіс субсидиялардың қалған бөлігін төлеуден бас тартпайды. Бұл мәселе қала бюджетін кезекті нақтылау барысында қаралатын болады. Жыл бойы субсидиялар бойынша есеп айырысу бұрын қолданыста болған және түзетілген қаржыландыру көлемдерін ескере отырып жүргізілді.
Қазір басқарма қаладағы маршруттық желіге, автобустардың жолаушы сыйымдылығына талдау жүргізіп жатыр. Сондай-ақ автопарктерге автобустарды бекітілген жоспарға сәйкес бағыттарға толық шығаруды ескертті.