$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жекешелендіру нысандарын шенеуніктер қолдан арзандатады - А.Алибаев

AstanaTV
10.04.2018ж. 20:00
3214
Жекешелендіру нысандарын шенеуніктер қолдан арзандатады - А.Алибаев

Елде жекешелендіру талаптары өзгеруі мүмкін. Әйтпесе, аукцион барысында кейбір нысандардың бағасы тым түсіп кеткен. Бұл мемлекетке шығын. Ұлттық экономика министрлігі заңға тиісті өзгерту енгізуді ұсынды. Бастапқы сауда-саттық кезінде жоғары баға белгіленеді. Осындайда нысанды сатып алғысы келетін жалғыз қатысушы болатын көрінеді. Бірақ қазір талапқа сай, бәскелес болмаса, сауда тоқтатылады. Ал келесі айналымда нысан бағасы 50 пайызға дейін түсіп кетеді, - дейді министр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Осыған байланысты бірінші аукционда бір қатысушыға бастапқы бағадан төмен емес жекешелендіру объектілерін сату құқығын беру бөлігінде «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады.

Ал сарапшылар, керісінше, тиімді нысан бағасын шенеуніктер қолдан арзандатып отыр, дейді. Жалпы процестің ашық өтетіне әлі күмәнмен қарайды.

Айдар Әлібаев, экономист:

Нысан жекешелендіруге шыққанда пайдалы нысан болса, шенеуніктер оның бағасын барынша түсіруге тырысады. Әдейі сатып, алушы жоқ деп, бағасын түсіруге барын салады. Баға әбден түскенде, өз адамы сатып ала қояды. Нәтижесінде мемлекеттік қазына бұдан аз ақша табады. Сонда тиімді нысан арзанға және кімге кететіні белгісіз.

Еске салайық, елде төрт жылдан бері жекешелендірудің екінші толқыны жүріп жатыр. Осы аралықта 600 нысан саудаланып, қазынаға 256 млрд теңге түскен.