Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Төретам кентінің тұрғындары өркениеттен қалыс қалдық деп налиды

AstanaTV
10.04.2018ж. 20:00
7873
Төретам кентінің тұрғындары өркениеттен қалыс қалдық деп налиды

Қызылорда облысындағы Төретам кентінің тұрғындары өркениеттен қалыс қалдық деп налиды. Көшелерді жарықтандыру, ауыз су мен тазалық мәселелері күрделі күйінде қалып отыр. Қоғамдық кенестің мәліметінше, Төретамның дамуына қомақты қаражат жұмсалады деп жоспарланған. Бірақ әлі күнге дейін атқарылған шаруаны көрмедік дейді ашынған жұрт. Ауылдағы ағайынның мұның Шарипа Сақтапова тыңдап қайтты.

Төретам кентінің құрылғанына 110 жылдан асқан. Бірақ әлі күнге дейін өркениеттен жұрдай. Халыққа ең алдымен жол керек.

Әділбек Өтебаев, Төретам кенті қоғамдық кеңесінің мүшесі:

2014 жылы осы Төретам кентіне 191 миллион теңге ақша бөлініп, бірнеше көшеге асфальт салыну керек тұғын.  Рысқұлбеков көшесіне 7 миллион 800 мың, где-то 8 миллион теңгеге проектно-сметный дайындалып, асфальт салынды деп қабылданып кеткен. Ал бірақ осы таңға дейін асфальт түгілі, асфальттың көлеңкесін де көрген жоқпыз.

Ақсақалдар кеңесі болса, ауыл қоқысқа толды дейді. Көпқабатты үйлердің тұрғындары суды сырттан тасып ішіп отырғанын айтып налиды.

Надырбек Сақимов, Төретам кентінің тұрғыны:

Қыстай су жоқ, осы жақтан тасыдық. 48 квартирдың барлығы осы жақтан тасып ішеді суды. Мен 3 айға төлеп, мына жақтан тасып отырмын. Әкімдіктегілер, болады, қатып жатыр, дейді. Қәзір қатып жатқан еш нәрсесі жоқ. Ағып тұр кішкентай сығырайып, қасында отырып азаннан кешке дейін 4 баклажка ма, 5 баклажка ма, болды.

Соңғы рет салынған жаңа дүние - мына 50 көлікке арналған автотұрақ. Оған кент бюджетінен 20 миллион теңге жұмсалған. Тұрақта төрт жыл бұрын қамауға алынған және банкте кепілдікте тұрған көліктер тұр. Ауыл халқы оның не үшін, кімге керек болғанын түсінбей дал

Әділбек Өтебаев, Төретам кенті қоғамдық кенесінің мүшесі:

Терезелерінің барлығы қираған, ішінің бәрін шөп басып кеткен. Қазір автотұрақ емес, мал қора болды. Неге мақсатсыз салады деп сұрақ қоямыз. Оның орнына 20 миллионды басқа бір тиімді нәрселерге жұмсамасқа? Балалар ойнайтын алаңдар салып және талдар егіп, көгалдандыруға.

Бұл ауылда 11 мыңнан астам халық бар. Көше жарығы да әлі күнге шешімін тапаған. 2015 жылы бұл мақсатқа қаржы бөлініпті. Жергілікті билік, ол ақшаға күн сәулесінен қуат алатын жарықшамдар құрылысы жүргізілгенін, бірақ арты дауға ұласқанын айтты. Төретамға жыл басында ғана басшылыққа тағайындалған әкім кеткен олқылықтар орнына келтіру жұмыстары қолға алынады деді. 

Шайқыбек Сүйембетов, Төретам кентінің әкімі:

Алдағы уақытта кеткен қателіктердің барлығы орындалады, істелетін жұмыстардын барлығын қадағалап, ондай қателіктерді жібермеуімізге орындап отырамыз уақытылы.

Яғни, әкім сөзінде тұрса, жақын арада Төретам халқы өркениетті елді мекендер қатарына енеді. Ал тұрғындарға тағы да күтуден басқа амал жоқ. 

Шарипа САҚТАПОВА