Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтаулық көп қабатты үйдің тұрғындары жаңғырту бағдарламасымен жасалған жөндеу жұмыстарына наразы

AstanaTV
10.04.2018ж. 20:00
2639
Ақтаулық көп қабатты үйдің тұрғындары жаңғырту бағдарламасымен жасалған жөндеу жұмыстарына наразы

«Ақтау тұрғын үй» компаниясы көп қабатты үй иелерімен соттасып жатыр. Бұқара «Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында жөндеуге кеткен шығынды өтеуден бас тартып отыр. Айтуларынша, шаруа сапасыз жасалған. Алайда компанияның өз уәжі бар.

Бұл үйде үйде жөндеу жұмыстары 2011 жылы басталған. Араға жыл салып шаруа аяқталды. Дәл осы кезде дау-дамай да туды. Тұрғындардың айтуынша, бастапқы келісім бойынша еденге кафель төселіп, сапалы шатыр мен жақсы орындықтар қойылуы тиіс-тін. Бірақ олай болмады. Атүсті атқарылған жұмысқа 36 млн теңге жұмсалған, - дейді олар.

Сергей ЯшинАқтау қаласының тұрғыны:

Көп нәрсеге уәде берді. Бірақ, оның бірі істелмеді. Жылу жүйесін де, галереяны да әйнекпен қаптамаған. Тіпті, есік те қойылмаған. Сот барысында плитканы қойдық, алайда оны тұрғындар өздері алып тастады деп отыр. Бәрін біздің мойнымызға артып қоймақ. Сөйтіп, ақша өндіріп алмақ ниетте.

Татьяна Миронова, Ақтау қаласының тұрғыны:

Жөндеу өте нашар жүргізілген. Құбырдан су аққандықтан, көрініс те онша емес. Шатырды жасадық дейді. Бірақ, оны алмағанын біз жақсы білеміз. Осы жерде тұрамыз ғой, бәрін көріп-біліп отырмыз.

Аталған көп қабатты үй - «Тұрғын үйді жаңғырту» бағдарламасымен жөнделген алғашқы нысандардың бірі. Қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізген компания басшысы шаруа сметаға сай жүргізілді деп отыр. Алты жыл өтіп кеткендіктен, үйдің қазіргі күйі мәз емес.

Мәулен Қаршығаев , «Рекам» ЖШС директоры:

Әрине, көңілі толмайтындар көп. Бұл - заңдылық. Алайда смета бойынша да, тұрғындар шағымынан кейін прокуратура да тексерді. Сот сараптамасы мен қаржы полициясы еш олқылық таппады. Қосымша жұмыстар да жасалды. Мысалы, балкондарды кірпішпен қалау сметада болмаған. Олар жасап беруді өтінген соң, оны да істедік. 

Жобаны қаржыландырумен айналысатын компания тосын уәж келтірді. Олардың пікірінше, тұрғындардың даурығуы ақшаны төлегісі келмегендіктен туындаған.

Саят Елесбай, «Ақтау тұрғын үй» ЖШС директоры:

Смета жасалған кезде тұрғындар анау қажет емес, мынау қажет емес деп шықты. Сөйтіп, қомақты ақша төлемеу үшін біраз дүниені өздері алып тастады. Ал қазір сол әрекеттерінің кесірін тартып отыр. Мәселен, 4-ші үйдің тұрғындары жасалған дүниемен келісті. Бәрі сметаға сай болғандықтан, ондағы жөндеу жақсы. Соны көрген бұқара дауласып жатыр.

Жөндеу жұмыстарына кеткен қаражат баспана аумағына қарай пәтер иелеріне бөлінеді. Саят Елесбайдың айтуынша, әр пәтерге бір шаршы метрге 266 теңгеден шыққан. Бағдарлама талабы бойынша, бұқара шығынды 7 жылдың ішінде қайтаруы тиіс. Мерзім келесі жылы аяқталады. Алайда 36 млн теңгенің небары 10 млн-ы өтелген. Қалған соманы компания сот арқылы өндіріп алмақ ниетте. Тұрғындардың шағымын қалалық сот қанағаттандырмады. Енді бұқара апелляциялық сотқа жүгінген.