$451.87 €507.31 ₽5.53

Биыл 12,1 млн тонна астық тасымалданды

06.11.2026ж. 11:24
Биыл 12,1 млн тонна астық тасымалданды
фото: gov.kz

2026 жылдың 10 айында теміржол көлігімен 12,1 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 9%-ға жоғары. Былтыр тасымалдау көлемі 11,2 млн тонна болды, деп хабарлайды Astana TV.

Есепті кезеңде экспорттық тасымал көлемі 9,4 млн тоннаға жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11%-ға артты (8,5 млн тонна).

Экспорттың негізгі көлемі Орталық Азия елдеріне тиесілі – 6,2 млн тонна. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 27%-ға жоғары. Оның ішінде Өзбекстанға 4,6 млн тонна (+35%), Тәжікстанға – 1,3 млн тонна (+18%) астық жөнелтілді. Ауғанстанға 855 мың тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,4 есе көп. Қытайға тасымал көлемі 65%-ға артып, 935 мың тоннаны құрады.

Қазіргі уақытта жаңа егін астығын тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың қазан айында теміржол көлігімен 1,4 млн тонна астық тасымалданды.

Үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету үшін жылжымалы құрамның жеткілікті паркі бар. Қазіргі уақытта 16,9 мың астық тасығыш, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Қолда бар ресурстар астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда тасымалдау көлемін ұлғайту үшін қосымша мүмкіндіктер қарастырылған.

Жаңа егін астығын тұрақты әрі уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі теміржол тасымалдарын ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі Астық штабын құрды. Штаб тасымалдау процесіне қатысушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, теміржол инфрақұрылымы мен жылжымалы құрамның дайындығына мониторинг жүргізеді, сондай-ақ туындаған мәселелерді жедел шешу бойынша жұмысты үйлестіреді.